Сұңғат Есімханов Риддер қаласындағы ЖЭО-ның жылыту маусымының өту барысымен танысты
15.04.2025 18:09:02 264
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында жүр. Сапардың басты мақсаты – Мемлекет басшысының энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылау.
Риддер ЖЭО-ны аралау барысында Сұңғат Есімханов жылу көзін жаңғырту жұмыстарының қарқынымен танысты. 1956 жылы пайдалануға берілген станция бүгінде шамамен 50 мың тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жабдықтың тозу деңгейі 46%-ды құрайды. Риддер ЖЭО «қызыл аймақтағы» 19 жылу көзі тізіміне кіреді. Осындай нысандарды жедел жаңғырту міндетін Мемлекет басшысы 2024 жылдың ақпан айында өткен кеңейтілген отырыста Үкіметке жүктеген болатын.
Соңғы екі жыл ішінде ЖЭО-ны реконструкциялауға және Риддер қаласының жылу желілерін жөндеуге резервтен 14,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен барлық жүргізілген инфрақұрылымдық жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, станцияның тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға дейін төмендеді (2023 жылы – 58%, 2024 жылы – 46%). Дегенмен, ЖЭО әлі де «қызыл аймаққа» кіретін жылу көздерінің қатарында қалып отыр.
Энергетика вице-министріне жылу желілерін жөндеу жұмыстары бойынша есеп берілді. Осы кезеңде жылу желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 67%-ға дейін төмендеді (2023 жылы – 79%, 2024 жылы – 67%).
2024 жылы станцияны тиімді басқару, сондай-ақ қаржылық және кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Риддер ЖЭО-ның мүліктік кешені «Шығыс Жылу» АҚ-ның балансына беріліп, облыстық меншікке өтті.
Облыс әкімдігі 2025 жылға арналған, жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін аса маңызды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын анықтады. Жоспарға сәйкес, №3 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізу, №5 редукциялық-салқындатқыш қондырғысының технологиялық процестерін автоматтандыру жүйесін енгізу, электр техникалық жабдықтарды жаңарту, сондай-ақ Риддер қаласындағы 5,9 км жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Вице-министр жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын уақытында аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Жұмыс қарқынын арттыру қажет. Суық түскен кезде үйлердің жылумен қамтамасыз етілуінің төмендеуіне жол беруге болмайды. Жөндеу кестесін сақтай отырып, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға ұмтылу керек. Энергетика министрлігі тарапынан жұмыстардың уақытылы аяқталуына қолдау көрсетуге дайынбыз. Жүргізілген жаңғыртудың сапасы мен әкімдіктің тиімділігінің басты көрсеткіші – жылыту маусымы болатынын ескертемін», – деп атап өтті Сұңғат Есімханов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/965787?lang=kk