Көкшетауда тұңғыш рет республикалық тұлғалық музейлер фестивалі өтті

Көкшетауда тұңғыш рет республикалық тұлғалық музейлер фестивалі өтті

08.05.2025 18:41:43 55

5 мамыр күні Көкшетау қаласындағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры алаңында ерекше рухани-мәдени шара – «Мәңгілік тұлғалар» атты I республикалық тұлғалық музейлер фестивалі салтанатты түрде өтті. Бұл айтулы фестиваль Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толуына және оның есімін иеленген музейдің 30 жылдығына, сондай-ақ 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылды.

Фестивальді Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Ақмола облыстық мәдениет басқармасы мен Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – еліміздегі тұлғалық музейлердің өзара байланысын нығайту, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ұлы қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, музейаралық кәсіби ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ заманауи форматтағы музей ісін ілгерілету.

Шара аясында театр алаңында арнайы көрме павильондары орнатылып, еліміздің әр өңірінен келген 11 тұлғалық музей өз жәдігерлерін ұсынды. Қатысушылар мен қонақтар үшін қызыл кілем төселіп, сахна арнайы безендірілді. Қазақтың ұлттық киіміндегі 20 қыз баспалдақ алаңында қонақтарды дәстүрлі нақышпен қарсы алды.

Фестиваль шеруі барысында Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Есенберлин, Ыбырай Алтынсарин, Әлия Молдағұлова секілді ұлы тұлғаларға арналған музейлер өз көрмелерін ұсынып, жұртшылыққа рухани серпіліс сыйлады. Олардың қатарында:

  • Алматы облысынан Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі,
  • Ақтөбеден Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды музейі,
  • Қостанайдан Ыбырай Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі мен Ахмет пен Міржақып музейлері,
  • Алматы облысынан Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі,
  • Астанадан Ілияс Есенберлиннің әдеби музейі,
  • Солтүстік Қазақстаннан «Абылай хан резиденциясы» музей кешені,
  • Ақмоладан облыстық тарихи-өлкетану музейі, әдебиет және өнер музейі және Көкшетау қаласының тарихы музейі.

Фестивальдің шарықтау шегі – осы шараның басты ұйымдастырушысы – Мәлік Ғабдуллин музейінің экспозициясы болды. 1995 жылы ашылған бұл музей бүгінгі таңда «Рухани қазына – 2022» республикалық байқауында «Ең үздік тұлғалық музей» атанған. Музей директоры Кенжебай Жәнібекұлы Мұқышев басқаратын ұжым өздерінің экспозициялық залдары арқылы Мәлік Ғабдуллиннің ерлікке толы өмір жолын, шығармашылығын, ғылыми-педагогикалық мұрасын кеңінен насихаттады.

Фестивальдің ашылуында қонақтар мен көрермендерге арнап театрландырылған көріністер ұсынылып, қазақтың дәстүрлі музыкасы орындалды. Бұл – тұлғалардың ұлт тарихындағы орны мен рөлін ұрпаққа жеткізудің әсерлі үлгісі болды.

Мәлік Ғабдуллин қазақ халқы үшін тек соғыс қаһарманы емес, сонымен қатар ұлттық руханият пен білімнің шамшырағы. Ол – ерлік пен парасаттың символы. Осы фестиваль арқылы оның тұлғасына тағзым жасап, ұлы бабалардың жолын жалғайтын жаңа буынға үлгі боларлық дүние ұйымдастырылды.

«Мәңгілік тұлғалар» фестивалі ұлт руханиятын жаңғыртудағы маңызды қадам. Бұл дәстүр алдағы жылдары жалғасын табарына сенім мол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/989560?lang=kk