Неліктен жалақыны ресми түрде алу «конверттегі» жалақыдан тиімдірек?
15.07.2025 10:02:32 220
Қазақстанда әлі күнге дейін еңбек қатынастары ресми түрде рәсімделмей, жалақының бір бөлігі немесе толық көлемі «конвертпен» берілетін жағдайлар жиі кездеседі. Жұмыскерлер көп жағдайда бұл тәсілге келісіп жатады, алайда оның тәуекелдері мен ұзақ мерзімді салдарын толық түсіне бермейді. Ресми жалақыдан бас тарту – бұл әлеуметтік қорғаудан, болашақ зейнетақы жинақтарынан және күтпеген өмірлік жағдайларда мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігінен бас тарту деген сөз.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ресми жұмысқа орналасу – жай ғана формалдылық емес, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін негізгі тетік екенін ескертеді.
Тәжірибеде «конверттегі» жалақының екі негізгі түрі бар:
- жалақының бір бөлігі ресми түрде төленеді, қалғаны – қолма-қол беріледі;
- қызметкер мүлде ресми түрде тіркелмей, бүкіл жалақыны бейресми түрде алады.
Жұмыс берушілер мұндай жүйенің тиімділігін алға тартады: яғни салық пен әлеуметтік төлемдер төленбегендіктен, жұмыскердің қолына көбірек ақша тиеді деген пікір таралған. Алайда бұл – қате түсінік: мұндай тәсіл тек жұмыс берушіге тиімді, ең алдымен жұмыскердің өзіне зиян келтіреді.
Зейнетақы және денсаулық мәселелері
Ресми еңбек қатынастары:
- зейнетақы жинақтарының қалыптасуын;
- ипотека, автонесиелер және басқа да несиелерге азырақ пайызбен қол жеткізуді;
- еңбекке жарамсыздық парағы мен демалыс ақысының төленуін;
- еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда жәрдемақы алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Ресми жұмыс істемейтін адам зейнетақы аударымдарын ай сайын жинақтай алмайды, бұл зейнет жасына жеткенде қаржылық қауіпсіздік деңгейін төмендетеді. Сонымен қатар, бұл мерзімдегі еңбек өтілі есепке алынбайды, нәтижесінде бұл мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшеріне әсер етеді.
Сондай-ақ тұрақты аударымдар болмаған жағдайда несие алу қиындайды – банктер несиеден бас тартуы мүмкін немесе жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынуы ықтимал.
Еңбекке жарамсыздық жағдайында берілетін жәрдемақының мөлшері ресми табысқа, сақтандыру өтіліне және еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесіне байланысты болады. Ал бейресми жұмыс істейтін азамат мұндай төлемдерден айырылуы мүмкін. Сондай-ақ еңбек демалысы үшін төлем де төленбейді.
Әлеуметтік қолдаудан айырылу тәуекелдері
Ресми еңбекке орналасу келесі әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді:
- жұмыстан босату немесе қысқарту кезінде өтемақы төлеу;
- жұмыссыздық бойынша жәрдемақылар;
- декреттік төлемдер;
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы тегін медициналық қызметтер.
Жұмыс беруші жұмыскер үшін әлеуметтік аударымдарды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударады. Бұл төлемдер азаматтарға жұмыстан айырылған жағдайда, декреттік демалысқа шыққанда немесе басқа да қиын жағдайларда мемлекеттік қолдауға ие болуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, МӘМС жүйесіне қатысу тек тұрақты аударымдар арқылы ғана мүмкін болады. Бұл азаматтарға бекітілген тізім бойынша тегін медициналық көмекті пайдалануға жол ашады.
Ресми табыс алмайтын әйелдерге жүктілік пен босану, бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылар ең төменгі мөлшерде ғана төленуі мүмкін.
Әрбір азамат өзіне тиесілі жалақыдан барлық міндетті төлемдердің (зейнетақы жарналары, әлеуметтік төлемдер, жеке табыс салығы, МӘМС және т.б.) толық көлемде аударылғанын «eGov.kz» электрондық үкімет порталы, «enpf.kz» БЖЗҚ жеке кабинеті, «kgd.gov.kz» сайтындағы салық төлеушінің кабинеті немесе «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы тексере алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1034473?lang=kk