Қостанайда мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекшінің қызметін көрсету мәселелері талқыланды
15.07.2025 17:52:31 231
Қостанай қаласында “Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы” ММ және “Жұмыспен қамту бөлімі” ММ ұйымдастыруымен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында жеке көмекшінің қызметін көрсету, әсіресе санаторлық-курорттық емделу кезінде сүйемелдеу мәселелері кеңінен қаралды. Қатысушылар жеке көмекші қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қатысты өз пікірлерін білдірді.
Іс-шарада 2023 жылғы 30 маусымдағы №288 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген Жеке көмекші қызметтерін ұсыну қағидалары, сондай-ақ 2025 жылғы 28 ақпандағы №63 бұйрықпен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді.
Көбірек назар аударылған тақырыптардың бірі – емдеу кезінде жеке көмекшінің қызметіне ақы төлеу тәртібі мен бұл қызметтің рәсімделу жолдары болды.
Осындай кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік қолдауға деген сенімін нығайтады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1034941?lang=kk