«Тез табыс» тұзағы: заң өкілдері ескертеді

«Тез табыс» тұзағы: заң өкілдері ескертеді

01.08.2025 08:12:09 528

Үлкен Нарын аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы В.С. Фирсовтың бастамасымен және төрағалығымен «Интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары, алаяқтық схемалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі таңда қоғамда белең алып отырған интернет-алаяқтық түрлері, қаржы пирамидалары және өзге де алаяқтық схемалар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту болды.

Аталған іс-шараға Үлкен Нарын аудандық прокуратурасының прокуроры А.С. Ченкебаев, аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Н.Т. Шаяхметов, Үлкен Нарын ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.С. Сабиев, жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, Үлкен Нарын ауданы әкімінің аппаратының мемлекеттік –құқықтық бөлімінің бас маманы А. Серікболқызы және Үлкен Нарын ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маманы Л.Ж. Мамырханова қатысты.

Кездесу барысында сот төрағасы міндетін атқарушы В.С. Фирсов интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттердің түрлері, олардың орын алу механизмдері, сондай-ақ қаржы пирамидаларының азаматтарға тигізетін қауіп-қатері туралы жан-жақты ақпарат беріп, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына тоқталды. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Прокурор А.С. Ченкебаев өз сөзінде интернеттегі алаяқтық әрекеттердің бүгінгі күні аса өзекті қауіпке айналып отырғанын, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпарат пен жалған инвестициялық жобаларға сеніп қалу фактілерінің жиілеп кеткенін айтты. Әсіресе жастардың Instagram, TikTok, WhatsApp және басқа да платформаларда ұсынылатын оңай табыс туралы жарнамаларға алдану жағдайлары жиі кездесетініне назар аудартты.

Аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Н.Т. Шаяхметов тұрғындар жиі ұшырайтын алаяқтықтың кең таралған схемалары – банк қызметкері ретінде қоңырау шалу, жалған ұтыстар, интернет-дүкендер арқылы алдау секілді тәсілдерге тоқталып, барша азаматтарды сақ болуға және күмәнді ұсыныстардан бас тартуға шақырды.

Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар тарапынан жан-жақты жауаптар беріліп, бірлескен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ulken-naryn/press/news/details/1044035?lang=kk