Бразилияда Қазақстанның антиядролық бастамалары таныстырылды

Бразилияда Қазақстанның антиядролық бастамалары таныстырылды

15.08.2025 08:32:38 301

Бразилиа, 2025 жылғы 14 тамыз – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшілігі Бразилия муниципалитеттерінің Ұлттық конфедерациясымен (CNM), Бразилия Климат Институтымен және «Қазақстан-Бразилия» достық форумы арқылы «Әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ету: Қазақстанның ядросыздану бастамаларын таныстыру» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Шара 29 тамызда атап өтілетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған.

Конференцияға Бразилия Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпус пен Бразилияда аккредиттелген халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен жергілікті БАҚ қатысуға шақырылды.

Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов өз құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында 2019 жылғы қыркүйекте жариялаған ядросыз әлем құру бастамаларын атап өтті. Сонымен қатар, Елшінің сөзінде маңызды элемент ретінде биологиялық қаруды тыйуға бағытталған Қазақстан бастамалары және Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (ХБҚА) құру мәселесі де айтылды, себебі жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түрі адамзатқа айтарлықтай қауіп төндіреді.

Қазақстандық дипломат Семей ядролық полигонында ұзақ уақыт жүргізілген ядролық сынақтардың салдары және ядролық ластанған аймақта тұратын халықтың жағдайын қалпына келтіру бойынша Қазақстан үкіметінің шаралары туралы баяндады. Оған қоса Елшілік Қазақстанның ядролық бастамаларының хронологиясын, соның ішінде Орталық Азияда ядросыз аймақ құруды таныстырды. Сонымен қатар, Қазақстанда ядролық қаруды таралмау режимін күшейтудің жаңа тәсілі ретінде төмен байытылған уранның Халықаралық банкін құру маңыздылығы атап өтілді.

Бразилия Планетарлық қауымдастығының құрметті Президенті, «Қазақстан-Бразилия» Достық Форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссес Ридель ядролық сынақтарды жүргізуге ғаламдық тыйымды сақтау маңыздылығын атап өтті және Қазақстанның осы бағыттағы тарихи рөлін еске салды. Ол әлемдік қауымдастықты, әсіресе ядролық державаларды, Қазақстан мысалында, жаппай қырып-жоятын қарудан ада бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін біртұтас шаралар қабылдауға шақырды.

Қазіргі заманғы пәнаралық зерттеулер орталығының (CEAM) директоры Марио Бразил Қазақстанның ядролық қарудан азат ету, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық энергияны қолдану саласындағы үлесін жоғары бағалап, Қазақстанның әлемдік тұрақтылықты нығайтудағы және халықаралық ядросыздану бастамаларын ілгерілетуіндегі рөлін атап өтті. Сондай-ақ әлемдік қауымдастықты Қазақстан мысалынан үлгі алып, жер шарының болашағын қауіпсіз әрі болжамды етуге шақырды.

Халықаралық ядросыздану қозғалысының экологиялық аспектілері және қоршаған ортаны қалпына келтіру мәселелері CNM Бас хатшысы Эдимир Сантос пен VBH Климат Институтының Вице-президенті Родриго Каррижоның баяндамаларында айтылды.

Конференция барысында қатысушылар ядролық қаруды азайту және таралмау саласындағы негізгі халықаралық құқықтық құралдардың үйлесімділігі мен өзара толықтырылуы бойынша, атап айтқанда: Ядролық қаруды тыйу туралы шарт, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Ядролық сынақтарды толық тыйу туралы шарт, Орталық Азиядағы ядролық қарудан ада аймақ туралы шарт және т.б. пікір алмасты.

Анықтама: 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды. Ядролық қаруды тыйу туралы шарт 2017 жылғы шілдеде қабылданып, 2021 жылғы 22 қаңтарда күшіне енді (50 ратификацияға жеткеннен кейін). Шарт тарихта алғаш рет ядролық қаруға ие болуға халықаралық құқықтық тыйым салды – бұл жаппай қырып-жоятын соңғы қару түрі болатын. Қазіргі уақытта шартқа 68 мемлекет қатысушы, 91 мемлекет қол қойушы болып табылады. Қазақстан ДЗЯО бойынша келіссөздерге белсенді қатысып, оны 2018 жылғы 2 наурызда қол қойып, 2019 жылғы 29 тамызда ратификациялау құжаттарын енгізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1051355?lang=kk