Тұрақты өсім мен жоғары нәтижелер

Тұрақты өсім мен жоғары нәтижелер

25.08.2025 20:03:46 127

Алматы облысы спортты дамытуда тұрақты өсім мен жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2022 жылмен салыстырғандағы көрсеткіштер дәлелдейді: халықаралық аренадағы спортшылар жетістіктері де, бұқаралық спортты дамыту да жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

2022 жыл Алматы облысы спорты үшін маңызды кезең болды: 23 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын, 111-і – ҚР спорт шебері, 586-сы – спорт шеберіне кандидат, 146-сы – бірінші спорттық разряд иегері атанды. Сол жылы облыс спортшылары барлығы 1783 медаль жеңіп алды, оның ішінде 560-ы алтын, 512-сі күміс, 721-і қола. Халықаралық жарыстарда да айтарлықтай жетістіктерге жетті: әлем чемпионаттарында – 45, Азия чемпионаттарында – 114 медальға қол жеткізілді.

2023 жыл да өңір спорты үшін табысты болды: облыс спортшылары 1742 медаль иеленді (610 алтын, 458 күміс, 674 қола). Ең басты оқиға – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындары болды. Бұл жарыста облыстан қатысқан 10 спортшы Қазақстан құрамасының қоржынына 2 алтын және 4 қола медаль салды. Жоғары нәтижелерге Асем Орынбай (алтын және қола), Эдуард Ещенко (алтын), сондай-ақ Эртуған Зейнуллинов, Аян Тұрсын мен Мәриян Урдабаева (қола медаль иегерлері) жетті.

2024 жыл Алматы облысының спорт жылнамасына жарқын жетістіктерімен енді. Парижде өткен Олимпиада ойындарында Демеу Жадраев грек-рим күресінен (77 кг дейін) күміс медаль жеңіп алып, өңір тарихындағы айтулы жетістікке қол жеткізді. Облыс спортшылары өзге де халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетті: Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 2 алтын, VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарында 2 күміс пен 2 қола медаль иеленді. Жалпы, бір жыл ішінде 2131 медаль жеңіп алынды (771 алтын, 604 күміс, 756 қола).

Маңызды оқиғалардың бірі – «Алатау» лигасының құрылуы болды. Соның арқасында 15 мыңға жуық жас спортпен айналысуға тартылды. Ауылдық аудандарда 150 спорт секциясы ашылып, бұқаралық спортты дамытуға және NEET санатындағы жастарды спортқа тартуға жаңа серпін берді.

2025 жылы да облыс спортшылары жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастырып, жылдың алғашқы жартысында 1289 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 492-сі алтын, 378-і күміс, 419-ы қола. Халықаралық жеңістердің мәні ерекше. Асет Дюсенов Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ксения Прозорова ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы болды. Қасымбек Едіге жастар арасындағы еркін күрестен (20 жасқа дейін) әлем чемпионы атанды. Облыстың боксшылары жастар және 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында 4 алтын медаль иеленді. Демеу Жадраев Германияда өткен «Гран-при» турнирінде алтын, Ербол Камалиев күміс медаль алды.

Жыл қорытындысы бойынша 166 спортшы бірінші спорттық разряд алды, 862 спортшы спорт шеберіне кандидат атанды, 20 спортшы ҚР спорт шебері, 4 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды.

Бүгінде өңірде 34 спорт түрі дамып, 54 аккредиттелген федерация жұмыс істейді. Бұл спорт инфрақұрылымын нығайтуға және кадрлық әлеуетті арттыруға ықпал етуде.

Соңғы төрт жылдағы динамиканы талдау көрсеткендей, Алматы облысы спорт саласында сапалы серпіліс жасады. Халықаралық аренадағы жеңістер, бұқаралық спорттың дамуы және спорт инфрақұрылымының нығаюы өңірді елдің көшбасшылары қатарына шығарды. Болашаққа деген сенім спортшылардың нәтижелерімен нығайып отыр: олар Қазақстанды беделді әлемдік жарыстарда абыроймен танытып, өңір спортының жаңа жетістіктеріне жол ашуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1056574?lang=kk