Алматинская область усилила профилактику инфекционных заболеваний
26.08.2025 11:31:52 115
Алматы облысында ағымдағы жылдың өткен 33 аптасында 7 нозология бойынша инфекциялық аурулардың 27 жағдайы тіркелді.
Алдыңғы аптамен салыстырғанда 4 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың өсуі байқалды (туберкулез, бруцеллез, эхинококкоз, желшешек). Сонымен қатар, 4 нозологияда төмендеу тіркелді (менингококкты жұқпа, қызылша, скарлатина, жіті ішек инфекциясы), ал вирустық А гепатиті бір деңгейде қалды.
Барлығы 27 жұқпа ошағы бақылауға алынып, 61 адам қарым-қатынаста болғаны анықталды. Олардың 57-сі зертханалық әдіспен тексеріліп, медициналық бақылау орнатылды. Санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар облыс халқының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Есепті кезеңде оба, тырысқақ, туляремия, безгек, іш сүзегі сияқты қауіпті 57 инфекция тіркелген жоқ. Қызылша, көкжөтел, вирустық А гепатиті және жаппай тамақтан уланулар бойынша сырқаттанушылық төмендеген. Ал туберкулез, бруцеллез, кене энцефалиті, менингококкты жұқпа жағдайларының өсімі байқалды.
Қызылша және қызамық бойынша облыстағы жағдай тұрақты. Биыл қызылшаның 150 жағдайы анықталып, оның 80-і зертханалық расталды. Науқастардың 87%-ын екпе алмаған балалар құрады. 2023–2024 жылдары жүргізілген қосымша иммундау сырқаттанушылықты тұрақтандыруға ықпал етті.
Көкжөтелдің 14 жағдайы тіркеліп, оның 11-і зертханалық жолмен нақтыланды. Аурудың басым бөлігі екпе алмағандар арасында анықталды.
Кене энцефалитіне күдікті 8 жағдай тіркеліп, оның 4-і зертханалық расталды. Маусымдық белсенділік кезеңінде 2 739 адам кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінген, оның 58%-ын балалар құрады. Алдын алу мақсатында 2 719 адам иммуноглобулинмен қамтылды.
Эндемиялық аудандарда (Еңбекшіқазақ, Қарасай, Райымбек, Талғар, Ұйғыр, Кеген) жалпы көлемі 738 гектар аумақта дезинсекциялық өңдеудің екі кезеңі жүргізілді. Сонымен қатар, 70 га су айдынында безгекке қарсы, 2 228 га аумақта туляремия ошақтарына дератизациялық шаралар жүзеге асырылды.
Халық арасында санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мақсатында:
• 129 мыңнан астам адам профилактикалық екпемен қамтылды;
• жануарлар тістеген 9 124 адам құтырмаға қарсы вакцина алды;
• 2 мыңға жуық адам кене энцефалитіне қарсы екпемен қамтылды;
• 733 инфекциялық ошақ қорытынды дезинфекциядан өтті.
Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу және қорғану шаралары жүйелі түрде жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1056747?lang=kk