Қазақстандық оқушылар Экономикадан халықаралық олимпиадада жеңіске жетті

Қазақстандық оқушылар Экономикадан халықаралық олимпиадада жеңіске жетті

26.08.2025 20:02:44 141

2025 жылғы 22–23 тамыз күндері Грекияның Ежелгі Олимпия қаласында, Халықаралық олимпиадалық академия (IOA) аумағында Экономикадан халықаралық олимпиаданың (Economics Olympiad 2025) финалы өтті. Қазақстандық оқушылар тарихи жоғары нәтиже көрсетіп, терең білімдері мен жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Олимпиадаға әлемнің 28 елінен ұлттық кезеңдерге 100 мыңнан астам қатысушы арасынан іріктелген 128 үздік мектеп оқушысы қатысты. Әр мемлекетті бес жеңімпаздан құралған ұлттық құрама командасы таныстырды.

Қазақстан құрамасы айрықша табысқа қол жеткізіп, төрт медаль иеленді:

  • Батырхан Мұхтархан — алтын медаль және барлық қатысушылар арасында абсолютті бірінші орын;

  • Елжан Заманбеков — күміс медаль;

  • Нұрғаным Мұхамеджан — күміс медаль;

  • Айым Жұбатқан — қола медаль.

Әсіресе, Батырхан Мұхтарханның жетістігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол АҚШ, Канада, Қытай, Нидерланд, Польша, Чехия, Грекия, Тайвань және өзге де мемлекеттердің өкілдерін басып озып, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды.

Олимпиада бағдарламасы экономика мен қаржы бойынша теориялық және тәжірибелік кезеңдерді қамтып, қатысушылардан терең білім мен оны іс жүзінде қолдану қабілетін талап етті.

Байқау өткен орын да символдық мәнге ие болды — Олимпиада ойындарының отаны саналатын Ежелгі Олимпия қаласы. Қатысушылар жарыспен қатар тарихи мұралармен де танысып, археологиялық ескерткіштерді және ежелгі олимпиадалық стадионды аралады.

Қазақстан құрамасын жеңісімен Қазақстан Республикасының Грекия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин жеке құттықтап, оқушылардың жоғары дайындық деңгейін атап өтті. Ол қазақстандық оқушылардың жетістігі еліміздің халықаралық беделін арттыруға септігін тигізетінін ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1057235?lang=kk