“FLAMINGO FEST – 2025“
08.09.2025 16:31:04 252
Ақмола облысы әкімінің бастамасымен Қорғалжын жерінде сән-салтанатпен алғашқы “FLAMINGO FEST” фестивалі өтті.
Мәдени-туристтік және экологиялық коллаборация форматында ұйымдастырылған фестиваль экотуризмді дамыту, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталып, өнер арқылы аймақтың бірегей келбетін паш етті.
Қорғалжын өлкесі – табиғаттың ғажайып көріністерімен ғана емес, қазақтың әйгілі әні «Дудараймен» де танымал қасиетті өңір.
Бұл өлке қазынаға толы тарихымен, әсем әнімен және қайталанбас қоқиқаздарымен халқымыздың мәдениеті мен руханиятында ерекше орын алады.
Фестиваль аясындағы мәдени бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бисара Макенова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекбосынов Айбек, республикалық байқаулардың лауреаты Аякөз Қалмағанбетова және халықаралық байқаулардың лауреаты, мультиинструменталист Айзада Кемел, арнайы фестивальге дайындалған «Ақмоланың қанатты сұлуы» прологына «Көкшетау» мәдениет сарайының 50 жылдық тарихы бар «Көкшетау» халықтық би ансамблі (жетекшісі – «Мәдениет қайраткері» Мәдина Тлеулина) және 25 жылдық тарихы бар «Он алты қыз» халықтық би ансамблі (жетекшісі – Мәдина Досмогомбетова) қатысты.
Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі ұлттық би өнерінің нәзік ырғақтарын паш етті (жетекшісі – «Мәдениет саласының үздігі» Гүлмира Ордабаева), дала әуезін заманауи ырғақпен тоғыстырған «Орда» этно тобы (жетекшісі “Мәдениет саласының үздігі” Файзуллин Ануарбек), сондай-ақ туған жердің перзенттері – Қорғалжындық өнерпаздар квартетімен арнайы жазылған әсерлі «Қоқиқаз» әні орындалып, кеш хедлайнерлері, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары, “Ерен еңбегі үшін” мемлекеттік наградасының иегері, әнші – Зарина Омарова, әнші – Амантай Әбен мен «Мөлдір Мұқанова, сондай-ақ Мәди Қадыров өнер көрсеттті.
Фестивальдің келесі бөлігі Бытығай алаңында өткен көрме-жәрмеңкемен жалғасты. Мұнда «Көкшетау сүт зауыты», «Родина» агрофирмасы және басқа да өңірлік кәсіпорындар өз өнімдерін ұсынды. Қолөнер шеберлері ағаш, киіз, тері, сүйек, былғарыдан жасалған бірегей бұйымдарын көрмеге қойды.
Ұлттық ойындар алаңында жамбы ату, садақ ату, қазақша күрес, асық ату тәрізді спорттық сайыстар ұйымдастырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Қонақтар Қорғалжын қорығы музейіндегі қоқиқаздарға арналған арнайы экспозициямен танысып, кейін Шалқар көлінде қоқиқаздарды табиғи ортада тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Фестиваль аясында шығармашылық байқаулар да ерекше тартымды өтті, «Flamingo Art» суретшілер байқауы, «Қанат қаққан әуен» ақындар мүшәйрасы, «Wings of the Steppe» фольклорлық ансамбльдер фестивалінің қатысушылары ұйымдастырушылардың ақшалай сертификаттарымен марапатталды.
«Flamingo Fest – 2025» – табиғат пен мәдениетті, өнер мен дәстүрді бір арнаға тоғыстырған жарқын мереке ретінде көпшіліктің есінде қалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-madeniet/press/news/details/1063722?lang=kk