Әдеп кодексін сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті

Әдеп кодексін сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті

14.10.2025 14:46:56 133

 

      Әдеп кодексі – халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғарғы мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық, соның ішінде сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған. Жүйедегі өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырып, мемлекеттік менеджменттің, халықтың алдындағы абырой-беделін көтеріп, оның сапалы моделін жасауға бағытталған.

     Мемлекеттік қызметтің жаңа принциптері тиімділік, нәтижелілік, ашықтық, меритократия, этика талаптарын сақтау, құқық бұзушылыққа төзбеушілік сияқты бірқатар ізгілікті құзыреттермен толықтырылған.  Сондықтан, олардың бойында коммуникативтілік, ұйымдастырушылық, ұжыммен бірлесе жұмыс жасай білу, мақсатты дұрыс анықтап, алдағыны болжау сияқты стратегиялық – логикалық қасиеттер табылуы қажет. Оның ішінде, әсіресе, әдеп мәселесінің маңызы зор деп айтсақ болады.

     Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да әдеп кодексін ұстануы міндетті. Оның ішінде қызметкердің сыпайы, адал, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы және кез келген ортада өзін іскерлік стильге сай ресми түрде ұстауы міндеттелген.

     Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдауы, жалған ақпарат таратпауы, сын айтқаны үшін біреуді қудаламауы және мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалануы қажет. Мұнан бөлек мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісіне қатысты, тіпті, есімінің аталуына жол бермеуі, қол астындағыларды кемсітпеуі және қызметкерлердің барлығына құрметпен қарауы тиіс.

   Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөлге ие, ең маңызды тетіктердің бірі. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің себебі – оның іскерлігін ғана емес, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін де жетілдіру. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен  біліктілігіне және  жүріс-тұрысына қарай қазіргі қоғамда халықтың атқарушы билік жайлы көзқарасы мен оған деген сенімі қалыптасатыны да белгілі.

 

Кадр және құқықтық

жұмыс бөлімінің басшысы

Ә.Ш. Құлжанова

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/gosreestr/press/news/details/1077899?lang=kk