Маңғыстау облысы мен Констанца уезі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Маңғыстау облысы мен Констанца уезі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

14.10.2025 19:49:34 71

Маңғыстау облысы мен Констанца уезі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бүгін, 7 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мэдэлина Лупу және Констанца уезі кеңесінің төрағасы Флорин Митрой бастаған делегациямен кездесті.

Кездесу барысында тараптар аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту, мәдени және туристік бағыттағы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Флорин Митрой Румыния мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстардың әлеуеті жоғары екенін айтып, Констанца уезінің Маңғыстаумен өзара тиімді әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай румыниялық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.

– Маңғыстау өңірінің инвестициялық мүмкіндігі зор. Біз жаңа жобаларды іске асыруға, өзара тиімді серіктестікке және шетелдік инвестиция тартуға әрқашан ашықпыз. Румыниямен байланыс екі өңірдің дамуына серпін береді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Кездесу қорытындысында Маңғыстау облысы мен Констанца уезі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттар бойынша әріптестік байланыстарды нығайтуға, жаңа жобаларды іске асыруға жол ашады.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында Румыния капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 5 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығындағы екіжақты сауда айналымы 378,2 млн АҚШ долларын құрады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uiir/press/news/details/1082459?lang=kk