Қазақстан жаттықтырушылары Пәкістанда «Qazaq Kuresi» бойынша оқу-жаттығу семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізді

Қазақстан жаттықтырушылары Пәкістанда «Qazaq Kuresi» бойынша оқу-жаттығу семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізді

27.07.2026 21:05:41 260

Исламабад, 2026 ж. 24 шілде – Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 3-4 ақпандағы Исламабадқа мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың қорытындысы бойынша, Қазақстанның «Qazaq Kuresi» қауымдастығы мен Пәкістанның «Qazaq Kuresi» федерациясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ 2026 жылға арналған Жол картасына сәйкес, 2026 ж. 18-24 шілде аралығында Қазақстанның «Qazaq Kuresi» қауымдастығының делегациясы Исламабад қаласына іссапармен келді.

Исламабадтағы Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт орталығында Қазақстан жаттықтырушылары Нұрсұлтан Бауыржанұлы мен Айдын Орал пәкістандық балуандар мен жаттықтырушылар құрамына арналған кешенді оқу-жаттығу семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізді.

Пресс-конференция барысында Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Е.Қыстафин аталған жобаның осы спорт түрі бойынша алғашқы бірлескен бастама екенін және оның екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, Елші «Достық» спорт орталығының құрылуы Қазақстан мен Пәкістанның спорт дипломатиясын дамытуға деген ортақ ұстанымын көрсететінін айтып, Пәкістан спортшылары алдағы халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өз елінің абыройын халықаралық аренада асқақтатады деген сенім білдірді.

Өз кезегінде, Пәкістанның «Qazaq Kuresi» федерациясының Бас хатшысы майор Н.Афзал бұл бастама екі елдің спорт федерациялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен достық қарым-қатынасты нығайтудың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Пәкістанның «Qazaq Kuresi» федерациясы аталған спорт түрін ел көлемінде кеңінен насихаттауға, жас спортшыларды даярлауға және жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

«Достық» спорт орталығына спорттық жабдықтар мен құрал-саймандарды ұсынған британдық «RDX» компаниясы Қазақстаннан келген қонақтарға арнайы беренді сыйға тартты.

ҚР Елшілігі аталған тренерлердің сапарын ұйымдастыруға және аталған бірлескен жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның «Qazaq Kuresi» қауымдастығының басшылығына алғыс білдіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1264336?lang=ru