Қазақстан Елшісі Мигдаль-ха-Эмек қаласының мэрімен кездесті

Қазақстан Елшісі Мигдаль-ха-Эмек қаласының мэрімен кездесті

27.07.2026 18:12:34 208


Мигдаль-ха-Эмек, 2026 жылғы 26 шілде - Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев Мигдаль-ха-Эмек қаласына жұмыс сапарымен барып, қала мэрі Яки Бен Хаиммен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіп, жоғары технологиялар, инновациялар және инвестициялар тарту салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу аясында Д. Ембердиев Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан жаңа халықаралық өсу орталығы – Alatau City жобасын таныстырды. Жоба халықаралық инвестицияларды тартуға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған инновациялық, ғылыми-білім беру және іскерлік инфрақұрылымы дамыған заманауи қаланы құруды көздейді.

Тараптар Alatau City мен микроэлектроника, цифрлық технологиялар, инновациялар және индустриялық парктерді басқару салаларында озық тәжірибеге ие Израильдің жоғары технологиялық компаниялары арасында әріптестік байланыстар орнатудың зор әлеуетін атап өтті.

Өз кезегінде қала мэрі Яки Бен Хаим қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, Мигдаль-ха-Эмектің Израильдің солтүстігіндегі жетекші өнеркәсіптік және жоғары технологиялық орталықтардың бірі екенін атап өтті. Қала Израильдің жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника өнеркәсібінің маңызды орталықтарының бірі ретінде танылған, мұнда жетекші халықаралық компаниялардың кәсіпорындары орналасқан әрі инновациялық экожүйе қарқынды дамып келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, муниципалитеттер, іскерлік қауымдастықтар және даму институттары арасындағы байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ инновациялар, өнеркәсіп және инвестициялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілік білдірді.
 
 
 
 
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tel-aviv/press/news/details/1264288?lang=ru