Қарабатыр ауылында мектеп жанынан заманауи жылыжай ашылды
03.11.2025 16:21:43 57
«Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Қамысты ауданының Қарабатыр ауылындағы мектеп жанынан заманауи жылыжай іске қосылды.
Жылыжайдың басты мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, еңбексүйгіштікке баулу және болашақ мамандыққа бағыттау. Енді мектеп оқушылары биология және жаратылыстану пәндерінен алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік алады.
Жобаның жалпы құны 600 мың теңге, қаражат аудандық бюджет есебінен бөлінген. 18 шаршы метр аумақты қамтитын жылыжайда оқушылар көкөніс өсірудің жаңа әдістерін меңгеріп, зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.
Қарабатыр ауылының әкімі Аманжол Қабылхан жобаның маңыздылығын атап өтті:
– Бұл жоба балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған. Күн жылына наурыз айында қияр мен қызанақ өсіруді бастауды жоспарлап отырмыз, – деді ауыл әкімі.
Мектеп мұғалімдері де жылыжайдың ашылуын оқу процесін тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік деп бағалап отыр. Сабақтар «Жаратылыстану» және «Биология» пәндері бойынша өтеді. Оқушылар өз қолдарымен өсімдіктерді баптап, өңір климатына бейімделген дақылдарды зерттейді.
Болашақта жылыжай базасында оқушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, экологиялық бағыттағы түрлі байқауларға қатысатын болады.
Қарабатыр ауылындағы бұл жылыжай – аудан көлемінде алғаш рет іске қосылған экожоба. Ол ауыл мектебі үшін тың серпін беріп, жас ұрпақтың табиғатты аялауға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етпек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1097959?lang=kk