Алматы облысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтуде

Алматы облысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтуде

04.11.2025 09:40:51 184

2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша Алматы облысындағы жылдық инфляция деңгейі 13,0 пайызды құрап, республика бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда 11-орынды иеленді. Жыл басынан бері өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 108,0 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл ретте республикалық орташа көрсеткіш 108,3 пайызды құрады.

2025 жылғы жағдай бойынша облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры 10 094 тонна және 16,9 миллион дана жұмыртқа мөлшерінде қалыптастырылған. Бағаны тұрақтандыру тетіктері аясында жыл сайын халықтың үш айлық тұтынуының 30 пайызы көлемінде тауарлық қор жасақталып, бұл шара азық-түлік себетінде үлесі жоғары өнімдерге, соның ішінде көкөніс өнімдерінің негізгі түрлеріне бағаның күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді.

Қысқы-көктемгі кезеңде сиыр етін бекітілген бағамен сату өнімнің қымбаттауына жол бермей, нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етті. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері Алматы облысында сиыр етінің қымбаттауы ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр — 26,4 пайыздық өсіммен облыс 9-орында.

Сонымен қатар, күнбағыс майы бойынша тұрақтандыру қорының жеткілікті запасы өнімді төмендетілген бағамен — литріне 576 теңгеден сатуға мүмкіндік беруде. Бұл баға өндіруші-зауыттардың босату құнынан айтарлықтай төмен, сондықтан өңір тұрғындарына өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға және нарықтағы баға қысымын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі уақытта 2026 жылғы маусымаралық кезеңге қала халқының үш айлық тұтынуының 50 пайызы көлемінде көкөніс өнімдерінің қорын қалыптастыру мақсатында өндірушілермен келісімшарттар жасалды. Атап айтқанда, картоп — 3815 тонна, сәбіз — 884 тонна, пияз — 625 тонна және қырыққабат — 930 тонна көлемінде дайындалуда.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктері бойынша 18 түрлі тауардың қалдық қоры 7 430 тонна және 16 миллион дана жұмыртқа мөлшерінде қалыптасып, олардың жалпы құны 4 733 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде көкөніс қоры қала халқының үш айлық тұтынуының 50 пайызын, ал сиыр еті бойынша қорлар 70 пайызын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және қарыз-шарттарды қайтару есебінен 1 076 миллион теңге бос қаражат жинақталды. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталған шарттардан түсетін қаражаттың болжамды қайтарымы 1 960 миллион теңгені құрайды. Осылайша, жинақталған қаражат есебінен өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша қажетті деңгейде келісімшарттар жүйелі түрде жасалып, өңірде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098330?lang=kk