Қостанай облысы: «Таза Қазақстан» - таза болашақ жолындағы бірлік пен жауапкершілік үлгісі
04.11.2025 17:40:32 117
Қостанай облысында қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар жалғасуда.
Қарабалық ауданында туған өлкені таза ұстау мен қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегінде тұрғындарды біріктірген сенбіліктер мен экологиялық акциялар белсенді түрде өтуде. Солардың бірі – Қарабалық ауданының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жақсылық қақпағы» атты игі бастама. Бұл акция экологиялық және қайырымдылық мақсатты ұштастырады: жиналған пластик қақпақтар өңдеуге жіберіліп, түскен қаражат ауыр науқас балаларды емдеуге бағытталады.
Игі іске қолдау көрсеткен белгілі волонтёр Екатерина Афанасьева өз пікірін былай білдірді:
«Бұл – мен бірнеше жылдан бері айналысып жүрген тамаша бастама. Бұрын жиналған қақпақтар көрші елге жөнелтілетін, ал қазір оларды Қостанайдағы ұйымдар қабылдайды. Өңделген қалдықтардан түскен қаражат балалардың еміне жұмсалады. Барша бейжай қарамайтын жандарды осы игі іске атсалысуға шақырамын!»
Аталмыш акция 27 қазан мен 4 қараша аралығында өтті. Нәтижесінде ондаған килограмм пластик қақпақ жиналып, аудан мектептері, балабақшалары, мекемелері мен тұрғындары белсенділік танытты. Ұйымдастырушылар барша қатысушыларға табиғатты қорғауға қосқан үлестері мен белсенділігі үшін алғыс білдіріп, әрбір қақпақ – бұл тек қайта өңделетін қалдық емес, ізгілік пен үміттің белгісі екенін атап өтті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалардың жалғасы ретінде 2025 жылғы 4 қарашада Сарыкөл ауданындағы Сарыкөл кентінде «Табиғат үшін 5 минут» атты экологиялық флешмоб өтеді. Іс-шараны Сарыкөл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруда. Акцияның мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу және жастардың экологиялық мәселелерге деген азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.
Флешмоб аясында қатысушылар аулаларды, көпшілік демалатын аймақтарды, жасыл желектер мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізіп, туған жердің тазалығы әркімнің өз ауласынан және жеке үлгісінен басталатынын көрсете алады. Іс-шараға жастар ресурстық орталығының еріктілері, жұмысшы жастар, мектеп пен колледж оқушылары және белсенді ауыл тұрғындары қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, табиғатқа небәрі бес минут арнаудың өзі үлкен игі әсерін тигізіп, өзгелерге үлгі бола алады. Мұндай іс-шаралар экологиялық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамда бірлік пен бейжай қарамау рухын нығайтады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысының тұрғындарын ізгі істерге біріктіріп, туған өлкенің тазалығы мен сұлулығын сақтау жолында нақты қадамдар жасауға шабыттандырып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1098868?lang=kk