Брюссельде Қазақстанның «Орта дәлізді» дамытуға қосқан үлесі талқыланды
07.11.2025 08:10:45 127
Брюссель, 2025 жылғы 6 қараша – Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко Еуропалық Комиссияның, Түркияның Өнеркәсіп және технология министрлігінің, сондай-ақ жетекші еуропалық және түрік іскерлік қауымдастықтарының қатысуымен ұйымдастырылған «Түркия – Еуропалық Одақ 2025» форумының жұмысына спикер ретінде қатысты.
Форумда Түркия мен Еуропалық одақ арасындағы энергетикалық тұрақтылық, «жасыл» және цифрлық өту, ақылды қалаларды дамыту және көлік байланыстарын нығайту мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті.
Бөлек панельдік сессия Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ), яғни «Орта дәлізге» арналды. Қатысушылар бұл мультимодальды бағытты кеңейту мен жаңғыртудың перспективаларын, сондай-ақ оны Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын және жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды маршруттардың бірі ретінде дамыту мәселелерін талқылады.
Сессия барысында Елші Р. Василенко «Орта дәліздің» Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол еліміздің бұл бағыт бойынша көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, Ақтау мен Құрық порттарын жаңғырту, теміржол өткелдерін кеңейту, сондай-ақ осы бағыт бойындағы кедендік рәсімдерді цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.
Дипломат сондай-ақ Қазақстанның аймақтағы рөлінің артып келе жатқанын, атап айтқанда, Еуропа мен Азия арасындағы тұрақты көлік және энергетикалық байланыстарды дамытуға бағытталған «Global Gateway» бастамасын ілгерілетуде Еуропалық одақтың негізгі серіктесі ретінде маңызды орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Орта дәлізді» дамыту халықаралық сауданың жаңа мүмкіндіктерін ашып қана қоймай, сонымен бірге энергетикалық, азық-түлік және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ континентаралық өзара байланыстар жүйесін кеңейтуге ықпал етеді.
Жалпы, форум Еуропалық Одақ, Түркия, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған идеялармен алмасу және практикалық шешімдер әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды.
Талқылаулардың қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты және өзара тиімді әріптестіктерді қалыптастыруға ықпал ететін инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды одан әрі дамытудың маңыздылығын растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1100586?lang=kk