ИКАО штаб-пәтерінде TRIP-2025 симпозиумы өтті

ИКАО штаб-пәтерінде TRIP-2025 симпозиумы өтті

07.11.2025 08:50:29 114

Монреаль, 2025 жылғы 4-6 қараша. – Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза «Шекарасыз тұлғалық дерек. Келесі ұрпақ жолаушыларын үздіксіз рәсімдеу жүйесін құру» тақырыбындағы TRIP-2025 (Жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы) 20-жылдық мерейтойлық симпозиумына қатысты.

Іс-шара ИКАО штаб-пәтерінде өтіп, жолаушыларды сәйкестендіру және азаматтық авиациядағы цифрлық шешімдер саласындағы жетекші сарапшыларды, мемлекеттік органдардың, әуежайлардың, әуе компаниялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Атап айтқанда, АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Нидерланд, Корея Республикасы, Қытай, Сауд Арабиясы, Финляндия, Франция, сондай-ақ ИАТА, Әуежайлар халықаралық кеңесі және Интерпол сарапшылары қатысты.

ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мырза өз сөзінде:
"Әр адам өзін сенімді растауға және еркін саяхаттауға құқылы. Сондықтан миллиардтаған адамдар TRIP симпозиумында жүргізіліп жатқан жұмысқа сенім артады", – деп атап өтті.

ИКАО-ның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза әлемдік жолаушылар ағынының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтіп, былай деді:
"Егер 2025 жылы әуе көлігімен 4,6 млрд. адам сапар шексе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 12,4 млрд. адамға жетеді деп болжануда. Осы тұрғыда барлық жолаушылардың қауіпсіз және инклюзивті сәйкестендірілуін қамтамасыз ету – ИКАО-ның 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының негізгі элементі болып табылады. Бұл жоспардың мақсаты – баршаға арналған қауіпсіз ұшулар, нөлдік құрбандар және көміртексіз бейтараптыққа қол жеткізу", – деді.

Бүгінгі таңда ИКАО-ға мүше 165 мемлекет 1 млрд-тан астам электрондық машиналық оқылатын жол жүру құжатын (MRTD) шығарып, оларды ICAO PKD (Public Key Directory) арқылы әлем бойынша жедел тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етті. Жаңа цифрлық жол жүру куәліктері (Digital Travel Credentials – DTC) инфрақұрылымы шектеулі елдерде де жанаспайтын саяхат мүмкіндігін кеңейтуде.

2025 жылғы 4-6 қараша аралығында симпозиум қатысушылары мынадай іс-шараларға қатысты:

- TRIP бағдарламасының соңғы жиырма жылдағы негізгі жетістіктерін, нормативтік базасын жаңарту мен TRIP стратегиясын, Doc 9303 спецификацияларын және PKD кеңеюін талқылау;

- DTC және Еуропалық саяхат ақпараты мен авторизация жүйесі (ETIAS) сияқты инновациялық цифрлық сәйкестендіру құралдарының тұсаукесері;

- Финляндия, Нидерланд, Канада, Сербия, Германия және Жапония тәжірибелерін қамтитын ұлттық практикалар мен кейстер;

- Жасанды интеллект, кванттық тұрақты сәйкестендіру және шекаралық бақылауды цифрландыруды қамтитын Sky Talks және демонстрациялық сессиялар;

- Жол жүру құжаттарының қорғаныс құралдары мен сәйкестендіру процесін басқаруға арналған шешімдерді қамтыған көрме.

Мерейтойлық TRIP Symposium аясында TRIP Award of Excellence марапаты табыс етілді. Лауреат атанған доктор Уве Зайдль – Германия Федералдық криминалдық полиция басқармасының ғылыми директоры және ICAO TAG/TRIP Жаңа технологиялар жөніндегі жұмыс тобының төрағасы. Бұл марапат TRIP бағдарламасын дамытуға, ілгерілетуге және енгізуге қосқан ерекше үлесі үшін табысталды.

Іс-шара ИКАО-ның қауіпсіз, тиімді және инклюзивті жаһандық әуе қозғалысын дамытуға және заманауи цифрлық технологияларды пайдаланып, шекарадан өтуді жеңілдетуге деген берік ұстанымын айқындады. TRIP Symposium аясындағы пікірталастар мен таныстырылымдар жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдердің жедел енгізілуіне ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1100623?lang=kk