Кеденді цифрлық түрлендіру: ҚР ҚМ МКК мен Халықаралық сауда орталығы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады
07.11.2025 12:10:26 72
2025 жылғы 5 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мен Халықаралық сауда орталығы (ХСО) арасында Ready4Trade Central Asia жобасы аясында сараптамалық кездесу өтті.
Негізгі тақырып – ХСО мен МКК бірлесіп әзірлеген кедендік әкімшілендіруді жаңғыртуды қолдау тұжырымдамасын іске асырудың нақты қадамдарын айқындау болды.
МКК Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Қожабергенов Тұжырымдама Қазақстандағы кедендік әкімшілендіруді жүйелі дамытуға арналған практикалық құралға айналатынын және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен ХСО өкілдерінің келісілген іс-қимылдарының негізі болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жоспардың іске асырылуы «тосқауылсыз» транзиттік дәліздерді дамытуға, жасанды интеллект енгізуге және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Ready4Trade Central Asia жобасының сауда рәсімдерін оңайлату компонентінің жетекшісі Аделина Харунжен Қазақстанның тұрақты ілгерілеуін атап өтіп, елдің кедендік цифрландыру саласында өңір үшін үлгі бола алатынын жеткізді.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады:
- «Жіксіз» транзиттік дәліздерді дамыту және цифрлық үйлесімділікті арттыру;
- Жасанды интеллектті жүк ағындарын талдау мен бақылауға енгізу;
- Тәуекелдерді басқару және деректер аналитикасын жетілдіру;
- Өкілетті экономикалық операторлар (ӨЭО) бағдарламасын дамыту және өзара мойындау.
Тараптар Тұжырымдаманы іске асырудың бірыңғай жоспарын әзірлеу туралы уағдаласты. Бұл жоспар кедендік реформалардың жол картасына айналып, ашық, жедел және интеллектуалды әкімшілендіру моделіне көшуге мүмкіндік береді.
Бұл қадам Қазақстанның инновациялар мен логистикалық интеграцияның өңірлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтып, ашық және қауіпсіз сауданың цифрлық негізін қалайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1100874?lang=kk