Қонай шағын ауданында жаңа саябақтың алғашқы кезеңі аяқталды
07.11.2025 17:40:46 66
Қостанай қаласында «Қонай» шағын ауданындағы аумағы 1,5 гектар жаңа саябақты абаттандырудың бірінші кезеңі аяқталды. Бүгін нысандағы жұмыстардың барысы тексерілді.
Биылғы маусымда саябақ аумағында ағаштар мен тірі қоршаулар отырғызылып, тартан жабындысымен қапталған жаяу жүргіншілер жолдары салынды. Сондай-ақ орындықтар, қоқыс жәшіктері, күркелер, жарықтандыру шамдары орнатылып, жыра-сай арқылы екі көпір салынды.
Келесі жылы саябақта кәсіби спорт алаңы мен заманауи балалар аймағын орналастыру жоспарланып отыр.
Мұндай демалыс аймақтары жаңа шағын аудандар үшін аса маңызды — тұрғындар мұнда балаларымен серуендеп, спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.
Бүгінде Қостанай қаласында барлығы 15 жасыл аймақ бар. Оның ішінде 5 саябақ — Орталық, Жеңіс, «Ұлы Дала», Триатлон-парк және Қостанай өңірлік университеті аумағындағы жаңа саябақ, сондай-ақ 10 абаттандырылған сквер мен бульвар — Керуен, Жастар бульвары, Әбілсай, Арыстанбеков және Темірбаев көшелеріндегі скверлер, «Шағала» жағалауы және басқа да аумақтар кіреді.
Келесі жылы қалада жаңа қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1101261?lang=kk