Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді

11.11.2025 10:10:47 117

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі мен БҚО құрылыс басқарма басшысы қатысты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан жұртшылығын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

— Жаңа білім ошағы — өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына, ғылым мен техника жетістіктерін игеруіне, шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған нағыз заманауи инновациялық мектеп болмақ. Жалпы облыс бойынша оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында соңғы үш жылда облысымызда 9 206 орынға 27 мектеп салынды. Оның ішінде 1 338 орынға 16 мектеп Қарашығанақ петролеум оперейтинг б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы аясында, 1060 орындық 3 мектеп жергілікті бюджет есебінен және 508 орындық 2 мектеп білім инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен берілді. «Келешек мектептері» жобасы аясында ашылып отырған бүгінгі білім ордасы сияқты 6300 орынға есептелген 6 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді, — деді облыс әкімі.

2025–2026 оқу жылында білім ордасында 28 сынып-комплектінде 394 оқушы білім алуда. Оның 194-і қазақ тілінде, 200-і орыс тілінде оқиды. Сонымен қатар мектепалды даярлық тобында 3 сынып-комплектінде 36 бала тәрбиеленуде. Мектепте 51 педагог қызмет етеді. Олардың қатарында 9 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 15 педагог-модератор бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kurylys/press/news/details/1102543?lang=kk