Қазақстан мен Грекия туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті

Қазақстан мен Грекия туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті

11.11.2025 16:50:54 41

Афина, 2025 жылғы 11 қараша – Қазақстанның Грек Республикасындағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекияның Туризм министрі Ольга Кефалоянимен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және 2018 жылы қол қойылған ведомствоаралық ынтымақтастық туралы Меморандумды іс жүзінде іске асыруды жандандыруға уағдаласты.

Қазақстан Елшісі әңгімелесушісін еліміздің туризм саласын дамытудың басым бағыттарымен таныстырып, тұрақты және сапалы кірме туризмді дамытуға, шетелдік қонақтардың жайлылығын арттыру үшін цифрлық сервистерді енгізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанды экологиялық, мәдени және қысқы туризм бағыты ретінде ілгерілетуге баса назар аударылатынын атап өтті. Грек азаматтарының Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне саяхаттауға деген қызығушылығының артып келе жатқаны да айтылды.

Кездесуде әуе қатынасын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар тікелей әуе рейстерін арттыру бастамасын қолдап, осы бағыттағы құзыретті органдар мен әуе тасымалдаушылары арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар, қазақстандық азаматтар үшін визалық рәсімдерді одан әрі ырықтандыру өзара туристік сапарлардың өсуіне қосымша серпін беретіні атап өтілді.

Тараптар орта мерзімді перспективада жоғары деңгейдегі сапарларды үйлестіру, туристік компаниялардың қатысуымен іскерлік бағдарламаларды ұйымдастыру және салалық іс-шаралар күнтізбесін келісу мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты туристік әріптестікті нығайтуға бағытталған уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға дайын екендігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1103045?lang=kk