Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді
15.11.2025 12:21:03 118
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұлттық Валюта күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан қаржыгерлері мен сала ардагерлерін мерекемен құттықтады.
– Төл теңгеміздің тарихы Қазақстан Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алып,
15 қарашадан бастап ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде қолданысқа енгізілді. Бұл күн – Қазақстан тарихындағы атаулы күндердің біріне, ал, Ұлттық Валюта – біздің ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттігіміздің басты белгісіне айналды.
1997 жылдан бері Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 қараша – Ұлттық Валюта және қаржыгерлер күні ретінде аталып келеді. Қаржы жүйесі – елдің экономикасын басқарудың күретамыры, ал сала мамандары – бюджетті жоспарлаушы, мемлекеттік саясаттың орындалуына тікелей ықпал етуші тұлғалар. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз, есеп пен тәртіпке деген адал көзқарастарыңыз ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Аудан бюджетінің теңгерімді құрылуы, әлеуметтік нысандардың уақытылы қаржыландырылуы, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуы – осының бәрі Сіздердің аса жауапты еңбектеріңіздің жемісі. Аудандық бюджеттің салықтық түсімдері жылдан - жылға ұлғайып келеді. Салықтық түсімдер көлемінің ұлғайғаны аудандық бюджет кірісінің көлемінің өсуіне ықпал жасады. Биыл 10 айлық қорытынды бойынша аудан бюджеті 13 миллиардқа жетті.
Осындай табысқа жетуімізге Өздеріңіз секілді тәжірибелі, білікті мамандардың өзіндік үлесі бар. Сала ардагерлері, Сіздердің де ұзақ жылдар бойы ауданның экономикалық әлеуетін нығайту жолында атқарған қажырлы еңбектеріңіз – бүгінгі буынға үлгі.
Бүгінгі мерейлі мерекеде ел экономикасының дамуына аянбай күш-жігерін жұмсаған қаржы саласының ардагерлері мен бүгінгі сала қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік қабылдауда аудан әкімі аудандық қазынашылық басқармасының басшысы З.Рахымшаеваны құрметті зейнет демалысына шығуымен құттықтады.
– Атаулы мерекеде аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Рахымшаева Зағира Байқоңырқызы құрметті зейнет демалысына шығуда. Зағира Байқоңырқызы аудан дамуына өлшеусіз үлес қосты. Облыстық қазынашылық басқармасында экономист, қазынашы, бөлім басшысы қызметтерін атқарып, 2015 жылдан бері аудандық қазынашылық басқармасын басқарып келді. Он жыл ішінде аудан қазынасының көбеюіне тынымсыз қызмет атқарып, экономикамызды дамытуға атсалысты. Қаржы жүйесіндегі қажырлы қызметі үшін Зағира Рахымшаеваға аудан халқы және Өзімнің атымнан шынайы ризашылығымды жеткіземін, – деді аудан әкімі.
Құттықтаудан соң аудан әкімі З.Рахымшаеваға облыстық "Құрмет грамотасын" табыс етті. Сондай-ақ, аудан экономикасының дамуына қызмет атқарып жүрген бірқатар сала ардагері мен қызметкері облыс, облыс әкімі орынбасары және аудан әкімінің "Алғысы хатымен" марапатталды.
Мерекелік іс-шарада сала ардагерлері қаржыгерлерге жылы лебіздерін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1106022?lang=kk