Оулуда цифрлық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер талқыланды

Оулуда цифрлық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер талқыланды

17.11.2025 20:40:38 143

Хельсинки, 2025 жылғы 17 қараша – Инновациялық және білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов цифрлық трансформация хабы саналатын Оулу қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Елші өңірлік билік өкілдерімен, Оулу университетімен және негізгі компаниялармен бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар «Business Oulu» орталығына барудан басталды. Онда Елші қаланың инновациялық, мәдени және білім беру бағыттарын, сондай-ақ орнықты қалалық орта қалыптастыру және технологиялық стартаптарды қолдау бойынша муниципалитеттің күш-жігерімен танысты.

Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі Оулу қаласының мэрі Ари Алатоссавамен кездесу болды. Тараптар өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ тұрақты қалалық даму мен инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасу перспективаларын талқылады.

Елші сондай-ақ «Nokia» компаниясының Оулудағы бөлімінің басшысы Яркко Пююкконенмен жаңа ғимаратта кездесті. Аталған ғимарат 5G және 6G радио жабдықтарының инновациялық циклінің барлық кезеңін қамтитын әлемдегі ең озық орталықтардың бірі болып табылады. Кездесу барысында тараптар АКТ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетін талқылады.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат кабельдік жабдықтарды өндіру және цифрлық шешімдерге маманданған «Meka Pro Oy» және «Siili Solutions» компанияларының басшылығымен кездесті. Әңгіме барысында финдік компаниялардың Қазақстандағы инфрақұрылымды дамыту, өндіріс процестерін цифрландыру және интеллектуалды технологияларды енгізу бағыттарындағы серіктестік жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Сапар соңында Елші әлемдегі ең үздік университеттердің 3 % қатарына кіретін Финляндияның жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі – Оулу университетіне барды. Елшіге университеттің зерттеу және инновациялық қызмет бағыттары, оның ішінде 6G технологияларын әзірлеу жобалары таныстырылды. Бұдан бөлек, А. Әбдіраимов университетте жұмыс істеп жүрген қазақстандық ғалымдармен кездесті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-helsinki/press/news/details/1106949?lang=kk