Мажарстандағы Қазақстан Елшілігінің «14th Diplomatic Charity Fair» дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысуы туралы
18.11.2025 08:00:47 36
Будапешт, 2025 жылғы 16 қараша – Мажарстан Президентінің жұбайы Жужанна Надьтың қамқорлығымен және «Diplomatic Spouses of Budapest» бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесіне Қазақстан да қатысты.
Бұл шара еліміздің қайырымдылық бастамаларды қолдауға, жақсылық пен ынтымақты нығайтуға деген ұмтылысын көрсететін маңызды платформа болды.
Ұлттық стендте қазақтың қолданбалы өнер бұйымдары, кәдесыйлары, ұлттық тағамдары және қазақ мәдениетін танытатын экспозициялар ұсынылды.
Қайырымдылық - жүректер мен мәдениеттерді жақындастыратын күш. Қазақта «Жақсылық қылсаң - қайтып оралар» деген сөз бар. Осындай іс-шаралар елдер арасындағы достықты тереңдетіп, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Елшілік стендін дайындаған барлық қызметкерлерге алғыс білдіреді.
Жәрмеңке сәнді әрі мерекелік атмосферада өтті. Қазақстан стенді көптеген қонақтардың қызығушылығын тудырып, ұсынылған барлық өнімдер жоғары бағаланды және толық сатылды. Жиналған қаражат Мажарстанның әлеуметтік жобаларын қолдайтын қайырымдылық қорларына бағытталды.
Сонымен қатар, Елшілік Қазақстанды жаһандық бизнес, инвестиция, туризм және мәдени алмасу үшін сенімді әрі тартымды бағыт ретінде танытатын «Born Bold» кампаниясын ұсынды.
Анықтама: Дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесі жыл сайын өткізіліп, 2025 жылы 14-рет ұйымдастырылды. Шара барысында әр ел ұлттық тағамдарын, бұйымдарын, өнерін және мәдени өнімдерін ұсынады, сондай-ақ мәдени перформанстар өткізеді.
Игелікті шарадан түскен қаржы мажарлық қайырымдылық ұйымдарына беріледі. 2025 ж. қолдау көрсетілген ұйымдар:
- «Egymásért Gemma Sportegyesület» (Сегед) - ақыл-ой қабілеті шектеулі жастарды мәдени және спорттық өмірге тарту;
- «Dévai Szent Ferenc Alapítvány» - қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау;
- «Szolnoki Kézműves Körért és a Tisza-mente Népművészetéért Alapítvány» – Тиса өңірінің қолөнерін және мәдени мұрасын сақтау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1106958?lang=kk