Алматыда Малайзия бизнес өкілдерімен B2B-сессия өтті

Алматыда Малайзия бизнес өкілдерімен B2B-сессия өтті

18.11.2025 08:50:35 148

14 қарашада Алматы қаласындағы «Атамекен» ҰКП өңірлік офисінде Қазақстан мен Малайзия бизнес қауымдастықтары өкілдерінің кездесуі өтті. Малайзия делегациясын Malaysian Consortium of Mid-Tier Companies (MCMTC) президенті Мартин Анг бастап келді.

Делегация құрамына электроника, HoReCa және тамақ өнеркәсібі, инжиниринг, құрылыс, логистика, цифрлық маркетинг және дистрибуция салаларындағы жетекші малайзиялық компаниялар – Marrybrown, Julie’s Manufacturing, Christee Holding, Tesomac, Cape EMS, BodiBasixs және басқа да ұйымдар кірді.

Кездесудің модераторы, ҚР Сыртқы сауда палатасының АСЕАН елдеріндегі арнайы өкілі Серік Әміров атап өткендей, MCMTC жылдық айналымы 20–50 млн-нан 500 млн малайзиялық ринггитке дейінгі орта деңгейлі компанияларды біріктіреді. Олар Малайзиядағы тіркелген кәсіпорындардың небәрі 1%-ын құрағанымен, елдің ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын және жұмыс күшінің 16%-ын қамтамасыз етеді, сондай-ақ малайзиялық технологияларды әлемдік нарыққа белсенді түрде ілгерілетеді.

MCMTC президенті Мартин Анг Орталық Азияның малайзиялық бизнес үшін жоғары әлеуетке ие екенін атап өтіп, Қазақстанмен ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделілік білдірді.

«Атамекен» өңірлік офисі директорының орынбасары Олег Руденко Қазақстанға инвестициялар мен технологияларды тарту, іскерлік байланыстарды орнату бағытындағы қолдау мүмкіндіктерін таныстырды.

B2B-сессия қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастық, бірлескен жобаларды іске асыру, Қазақстанда өкілдіктер ашу және MCMTC қолдауымен отандық бизнестің Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығуын кеңейту жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1106980?lang=kk