Мажар депутаттары парламенттік тәжірибелерімен бөлісуге дайын

Мажар депутаттары парламенттік тәжірибелерімен бөлісуге дайын

19.11.2025 13:01:26 54

Будапешт, 2025 жылғы 17 қараша - Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстанның Мемлекеттік жиналысындағы (Парламент) достық тобының мүшелерімен кездесіп, екі жақты саяси байланыстардың, оның ішінде қазақ-мажар парламентаралық қатынастарының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Кездесуге Парламент Спикерінің орынбасары, Парламентаралық топтың жетекшісі Шандор Фазекаш төрағалық етіп, оның орынбасары Шандор Ф.Ковач, топтың мүшелері Аттила Барца, Жолт Ковач, Криштоф Сатмари және Аттила Тилки сынды халық қалаулылары қатысты.

Елші өз сөзінде, қазақ-мажар ынтымақтастығының жай-күйі мен биылғы жылы өткен өзара жоғары және биік деңгейлердегі сапарларда қол жеткізілген уағдаластықтар туралы қысқаша айтып өтіп, стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталды. Ол, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 20 қарашадағы Мажарстанға жасаған мемлекеттік сапары, Будапешт қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне (20 мамыр) қатысуы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, сауда-экономикалық байланыс арнасын кеңейту тұрғысынан маңызды қадамдар болғанын белгілеп өтті.

Сонымен қатар А.Сапарбекұлы мажар тарапына, Парламент спикері Ласло Көвердің (24 қыркүйек) және Мажарстан президенті Тамаш Шуйоктың (2-3 қазан) Астанаға жасаған сапарларының осы сындарлы диалогтың жалғасы болғанын баса айттып, ресми Будапештпен арадағы қарым-қатынасқа, алдағы онжылдықта да Стратегиялық серіктестік призмасы арқылы қарап, толық өзара түсіністік пен тиімді ынтымақтастықты нығайтуға Қазақстанның баса назар аударатынын жеткізді.

Елші Стратегиялық серіктестіктің ең негізгі бағыттары ретінде қазақ-мажар сауда-экономикалық және инвестициялық, көліктік тасымал-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді, «Орта дәліз» бағытын дамытуды, туристік әлеуетті жандандыру мақсатында «Будапешт-Шымкент-Будапешт» тікелей әуе қатынасының маңыздылығын, мәдени-гуманитарлық бағытта екі елдің сәйкес білім ордаларында қазақ/мажар тілдерін оқу дисциплинасына енгізу мәселелерін көтерді.

Достық тобының жетекшісі Ш.Фазекаш өз сөзінде, қазақ-мажар байланыстарының тарих тереңінен бастау алатынан, екі халықты тек бауырластық қатынастар ғана қосып қоймай, туыс болып келетін Мажарстандағы кун-қыпшақтардың да рөлін атап өтті.

Мажарстанның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың қатарында мойындаған ел екеніне тоқталып, қазіргі таңда Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға 10 жыл толғанына жоғары мән беретінін білдірді.

2024 ж. қарашада өткен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сапарында мажар басшылығымен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жолында мажар парламентінің, оның ішінде достық тобының белсенді болатынына сендірді.

Мемлекет басшысының Қазақстандағы реформалары мен бастамаларына қолдайтындарын жеткізіп, алдағы парламенттік реформалар барысында мажар парламентаризмның мол да бай тәжірибесімен бөлісуге дайындықтарын білдірді (Мажарстан парламентаризмі өз тарихында 13 рет өз формасын ауыстырған екен).

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1108110?lang=kk