Абай облысындағы колонияда сотталғандарға арналған онлайн дүкен іске қосылды
20.11.2025 11:40:52 109
Абай облысындағы колонияда сотталғандарға арналған онлайн дүкен іске қосылды
Семейде қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме сотталғандары үшін онлайн дүкен іске қосылды.
Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде сотталғандардың азық-түлік пен алғашқы қажеттіліктегі заттарға арнайы терминалдар арқылы тапсырыс беруіне мүмкіндік беретін онлайн-дүкен жұмысын бастады. Электронды дүкен — жабық цифрлық жүйе. Онда сотталғандар рұқсат етілген тауар санаттарын таңдап, қажетті өнімдерді рәсімдей алады: азық-түлік, гигиена құралдары, тұрмыстық бұйымдар және кеңсе тауарлары. Тапсырыс терминал арқылы берілгеннен кейін дүкен қызметкерлері тауарды жинақтап, мекемеге жеткізеді. Барлық өнімдер міндетті түрде тексерістен өтеді.
– Біздің мақсатымыз – әр операция тіркелетін, жеңіл әрі ашық жүйені қалыптастыру. Алғашқы тапсырыстар қабылданып, сотталғандарға жеткізілді. Бұл – олардың күнделікті қажеттіліктерін ыңғайлы әрі қолжетімді түрде өтеуге арналған сервис. Ассортиментті де ұдайы кеңейтіп отырамыз, – деді жеке кәсіпкер Батырбек Әмірханов.
Сотталғандар да жаңа жүйенің тиімділігін атап өтуде.
– Маған бәрінің әділ әрі түсінікті жүргізілетіні ұнайды: баға нақты көрсетілген, қорытынды сома бірден шығады. Интерфейс қарапайым, технологияны жақсы меңгермегендерге де оңай. Балансты нақты уақыт тәртібінде бақылауға болады. Мұндай сервистердің енгізілуі пенитенциарлық жүйені жаңғыртып, процестерді қызметкерлер мен сотталғандар үшін барынша ашық етеді, – деді сотталғандардың бірі.
Мекеме өкілдері де электронды дүкеннің жұмыс тиімділігін ерекше атап өтті.
– Электронды дүкен сотталғандарды қажетті тауарлармен қамтамасыз ету процесін айтарлықтай жүйеледі. Қағаз тізімдер мен қолмен тексерулердің қажеті болмай қалды. Цифрландыру – тиімді және ашық жұмысқа бастайтын жол, – деді Айдын Калелов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ps/press/news/details/1108812?lang=kk