Латвия-Қазақстан «Іскерлік көпірі»: экономикалық ынтымақтастықты нығайту
21.11.2025 19:30:32 56
Рига, 2025 жылғы 21 қараша – Қазақстан Республикасының Елшілігі Industra Bank және Балтық-Орталық Азия Экономикалық даму қауымдастығымен бірлесіп «Қазақстан-Латвия: Business Bridge 2025/2026» іскерлік кездесуін өткізді.
Іс-шараны аша отырып, Елші Дәурен Кәріпов екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі нығайту, ең алдымен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық ахуалы, сондай-ақ Мемлекет басшысы белгілеген ел дамуының басымдықтары туралы хабардар етті.
Қазақстандық тараптың өкілдері «Astana Hub», АХҚО және «QazTrade», сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан Шымкент мегаполисінің мүмкіндіктерін таныстырды. Қазіргі бизнес-орта, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау және қазақстандық өнімді экспорттау тетіктері туралы хабарлады.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Екі елдің транзиттік-көліктік әлеуетін ашудың маңыздылығына назар аударылды. Осыған байланысты Қазақстан мен Латвия арқылы халықаралық жүктердің, сондай-ақ Латвия порттары арқылы қазақстандық тауарлардың транзитінің көлемін ұлғайту үшін нақты ұсыныстар әзірленді.
Қазақстандық өнімді Балтық өңіріне жеткізу номенклатурасын кеңейту, IT-ынтымақтастығы мен технологиялар алмасуды жолға қою бойынша пікір алмасты. Жеке блок өңірлік өзара іс-қимылға, сондай-ақ агроөнеркәсіп пен өндірістік сектордағы бастамаларға арналды.
Қазақстан тарапынан: Шымкент қаласының әкімдігі, «QazTrade», «Astana Hub», «Астана» Халықаралық қаржы орталығының өкілдері, Қазақстанның «Kazlogistics» көлік одағының және т.б. қатысты.
Іс-шараға Латвияның іскер топтарының 80 өкілі қатысты. Оның ішінде Рига, Лиепай және Вентспилс еркін порттарының Басқармасы, Оlpha АҚ, Sonora ЖШС, Latvijas pasts (Латвия поштасы), Bio-Venta ЖШС, Stena Line, Uzvara-Lauksa ЖШС, Dobeles Dzirnavnieks АҚ және The Untitled инвеcтициялық қоры қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riga/press/news/details/1110344?lang=kk