Тунистің Сауда саясатын шолу рәсімі Қазақстанның төрағалығымен өтті

Тунистің Сауда саясатын шолу рәсімі Қазақстанның төрағалығымен өтті

26.11.2025 08:01:09 7

Женева, 2025 жылғы 25 қараша – 25 және 27 қарашада ДСҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Женевадағы Тұрақты өкілі, Сауда саясатын шолу органының төрағасы Қайрат Төребаевтың төрағалығымен Тунистің төртінші Сауда саясатын шолу рәсімі өтуде.

Тунис делегациясы Сауда және экспортты дамыту министрі Самир Абид мырзаның басшылығымен елдегі экономикалық реформалардың іске асырылу барысы туралы жаңартылған ақпарат ұсынды. Бұл ретте Инвестициялық ынталандыру кодексін жүзеге асыру, іскерлік ахуалды жақсарту, кедендік әкімшілендіруде цифрлық шешімдерді кеңейту, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және мемлекеттік кәсіпорындарды реформалау бағытындағы жұмыста қол жеткізілген нәтижелер атап өтілді. Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері Тунистің көпжақты сауда жүйесіне адалдығын, сондай-ақ сауданы жеңілдету мен транспаренттілікті арттыру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Пікір алмасу барысында импорттық тарифтердің көтерілуі және кейбір позициялар бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде бекітілген міндеттемелердің асырылуы, импорттық лицензиялау рәсімдерінің тиімділігі мен хабарламаларды уақтылы ұсыну мәселелері, сондай-ақ Еуропалық одақпен терең және жан-жақты еркін сауда аймағы туралы келіссөздердің барысы және Африкадағы аймақтық интеграцияның дамуы талқыланды. Мүшелер Тунистің телекоммуникациялық инфрақұрылымды және көлік-логистикалық жүйені жаңғырту жөніндегі жоспарларына қызығушылық танытып, Шығыс және Оңтүстік Африканың ортақ нарығы мен Африкалық континенттік еркін сауда аймағы сияқты өңірлік бастамалар аясында ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Төраға Қайрат Төребаев Тунис тарапына және барлық Мүшелерге сындарлы пікір алмасқаны және жоғары транспаренттілік үшін алғыс білдіріп, жүргізіліп жатқан реформалар ұзақ мерзімді тұрақты дамуға және елдің жаһандық нарыққа табысты интеграциялануына ықпал ететінін атап өтті.

Сауда саясатын шолу рәсімі ДСҰ мүшелерінің сауда саясатының ашықтығы мен болжамдылығын арттырып қана қоймай, экономикалық реформаларды қолдаудың және елдердің жаһандық сауда жүйесіне табысты интеграциялануын қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.

Қазақстанның төрағалығымен келесі шолу 2025 жылғы 1 және 3 желтоқсан күндері өтеді және ол Таиландтың сауда саясатына арналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1112456?lang=kk