Ханойда Әл-Фараби кітабының тұсаукесері сәтті өтті

Ханойда Әл-Фараби кітабының тұсаукесері сәтті өтті

26.11.2025 08:10:24 27

Ү.ж. 24 қарашада, Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігі Ханой университетінің қабырғасында, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына, ҚР Мемлекеттік егемендігінің 35-ші жылдығына және Әл-Фарабидің 1155-ші жылдығына орай, Ханойда салтанатты іс-шара өткізді.

Оның барысында орта ғасырлық философ, танымал ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Мінсіз мемлекетке ұмтылу керектігі туралы трактаты» атты кітабының вьетнам тіліне аударылған нұсқасының тұсау кесері әрі таныстырылымы өтті.

Іс-шара барысында Вьетнамның тұңғыш президенті Хо Ши Мин мырзаның 1959 жылғы ҚазКСР-ге жасаған тарихи сапары туралы деректі фильм («CotecCons» компаниясының қаржылай қолдауымен вьетнам тіліне дубляждалған және ағылшын тілінде субтитр жасалған), сондай-ақ, ағымдағы жылғы 5-7 мамыр аралығында өткен ВКП Бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы видео көрсетілді.

Бұл маңызды іс-шараға болу елінің СІМ Бірінші орынбасары, ВКП Орталық комитетінің мүшесі Нгуен Мань Кыонг мырза (Құрметті қонақ), Вьетнамның Достық қауымдастықтары Одағының вице-президенті Нгуен Нгок Хунг, мемлекеттік органдарының, ЖОО-лардың, іскер топтарының, БАҚ өкілдері және Ханойдағы дипломатиялық корпустың басшылығы (Дуайен, Палестина Елшісі Саади Салама) және өкілдері, көптеген Елші және УСӨ-лер қатысты.

Қазақстан Елшісі Қ.Тумыш іс-шараның ашылуында қатысушылар алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35-жылдығының тәуелсіздік пен жаңғырудың символы ретіндегі маңызына кеңінен тоқталып, сөз сөйледі.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы егемендігінің 35-ші жылдығын жаңарған, жаңғырған ел, әділдікті ту еткен мемлекет биігінде қарсы алуда, қазақ елі әлемдік деңгейде өзінің бейбіт бағытымен және қоғамдық-саяси тұрақтылығымен танымал екенін мақтанышпен хабарлады.

Сонымен қатар, Президент Тоқаевтың, Әділетті Қазақстанды – әрбір азаматтың мүмкіндігі бар, еңбек бағаланатын, заңсыздық пен немқұрайлылыққа орын жоқ, ешкім артта қалмайтын елді құруда екендігін жеткізді.

Биыл Қазақстан мен Вьетнам арасында стратегиялық әріптестік орнатылып, екі елдің жан-жақты ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға бейілділігін растап, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда жүйелі түрде орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Елші Қ,Тумыш орта ғасырлық философ, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1155-жылдық мерейтойына орай вьетнам тіліне аударылған «Мінсіз мемлекетке ұмтылу керектігі туралы трактаты» атты кітабының тұсаукесер рәсімінде Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды.

Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің кітабын вьетнам тіліне аударған Ханой Университетінің профессоры Нгуен Ван Чиенге, Қазақстанды, Түркі және Ислам әлемдерін Вьетнаммен жақындату тұрғысынан қосқан маңызды үлесі үшін алғысын білдірді.

Бұған қоса, Қазақстан Елшісі Вьетнам мен Түркі әлемінің мәдениеті мен өнері арасындағы байланыстарға қосқан сүбелі үлесі үшін профессор Нгуен Ван Чиенге Түркия мен Әзірбайжан Елшілерімен бірге, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (TÜRKSOY) Бас хатшысы атынан алтын медаль табыстады.

Өз кезегінде, құрметті қонақ, Вьетнам СІМ бірінші орынбасары Нгуен Мань Кыонг мырза, Қазақстанның бүгінде аймақтық және жаһандық маңызы артып келе жатқан ұлт ретінде қалыптасып, өткен мен болашақ, мәдени мұра мен жаңғыру арасындағы үйлесімділіктің үлгісіне айналғандығын айтты.

2025 жылғы мамыр айында Вьетнам Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам мырзаның Қазақстанға мемлекеттік сапары шеңберінде екіжақты байланыстарды ресми түрде Стратегиялық әріптестікке көтергеннен кейін қарым-қатынастарымыз үшін тарихи кезең басталғандығын атап өтті. Вьетнам мен Қазақстан бірлесіп, жаңа серпінмен алға жылжулары қажет. Нгуен Мань Кыонг мырза, бұған әрі саяси сенім, әрі табандылық, әрі ортақ ұмтылыстың бар екенін мәлімдеп, қазақстандықтарды Республика күнімен, келе жатқан Тәуелсіздік күнімен және Әл-Фарабидің мерейтойымен құттықтады.

Оның айтуынша, Әл-Фарабидің «Мінсіз мемлекетке ұмтылу керектігі туралы трактаты» атты кітап, Ханойда вьетнам тіліне аударылып, жарық көруі – екі ел арасындағы мәдени және академиялық алмасудың құнды дәлелі болып табылады, оның зияткерлік мұрасын вьетнамдық ғалымдарға, студенттерге және оқырмандарға жақындатуға көмектеседі.

Іс-шараның соңында, Елші барлық қатысушыларға Әл-Фарабидің вьетнам тіліндегі «Мінсіз мемлекетке ұмтылу керектігі туралы трактаты» атты кітапты табыс етті. Қазақстан Елшісі вьетнамдық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, іс-шараны қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hanoi/press/news/details/1112476?lang=kk