Маңғыстау облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығы аталып өтті

Маңғыстау облысында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 20 жылдығы аталып өтті

28.11.2025 14:50:43 123

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облыстық филиалы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Мерейтойлық басқосу Достық үйінде өтіп, оған сала ардагерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Шара барысында ХҚКО жүйесінің 20 жыл ішіндегі қалыптасу және даму жолы, азаматтарға қызмет көрсетудегі жаңа мүмкіндіктер, сондай-ақ цифрландыру бағытында жүзеге асқан жобалар кеңінен таныстырылды. Әсіресе, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға үлес қосқан орталық қызметкерлерінің еңбегіне ерекше назар аударылды.

Қазақстанда алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталықтары 2005 жылы Алматы және Астана қалаларында ашылған болатын. Маңғыстау облысында алғашқы ХҚКО 2007 жылдың наурызында Ақтау қаласында жұмысын бастады. Сол жылы Бейнеу, Мұнайлы, Жаңаөзен, Түпқараған, Қарақия және Маңғыстау аудандық бөлімдері де ашылды.

Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Маңғыстау облыстық филиалында 500-ден астам кәсіби маман еңбек етеді. Филиалдың құрамында 9 бөлім және 4 сектор бар.

Филиал директоры Айбек Музбаев: «Жиырма жыл бойы халыққа қызмет көрсету орталықтары миллиондаған азаматқа сапалы қызмет көрсетіп, қызмет көрсету стандарттарын жаңа деңгейге көтеріп келеді. Бұл – мыңдаған маманның күнделікті еңбегінің нәтижесі», – деп атап өтті.

Іс-шара барысында қызметкерлерге арнайы мерейтойлық төсбелгілер мен алғыс хаттар табысталды. Барлығы жүзге жуық білікті маман кәсібилігі мен салаға сіңірген еңбегі үшін марапатталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1114945?lang=kk