Шымкент: Әкімдік пен медициналық ұйымдар бағаны ұстау бойынша меморандумға қол қойды
03.12.2025 11:16:04 143
Бүгін Шымкентте медициналық қызмет бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляция деңгейін төмендету және қала тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру бағытында маңызды қадам жасалды.
Әкімдік жетекші медициналық және фармацевтикалық ұйымдармен бірлесіп, бағаны тұрақтандыруға және инфляцияны тежеуге бағытталған бірқатар Меморандумдарға қол қойды.
Бастаманың негізгі мақсаты – ақылы медициналық қызметтердің, дәрі-дәрмектің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың құнын төмендету, баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
Келісімдерді жүзеге асыруға келесі компаниялар қосылды: «№14 медициналық орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Ай-Нұры» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «KAMEYA Pharm Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Отау мед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Атамекен медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ЗЕРДЕ-ФАРМА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «МУРАТ-ФАРМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «ЗЕРДЕ» ғылыми-өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімовтің айтуынша, бұл қадамдар медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыруға және халықтың сенімін нығайтуға бағытталған.
«Меморандумдарға қол қою қала тұрғындары үшін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыруға тікелей ықпал етеді. Қол жеткізілген уағдаластықтар инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады», - деді Айдын Кәрімов.
Тараптардың өзара міндеттемелері баға тәртібі мен қызмет көрсету сапасын сақтауға көмектесіп қана қоймай, азаматтардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін медициналық ұйымдар арасында адал бәсекелестікті дамытуға ықпал ететінін атап өткен жөн.
Қала әкімінің бірінші орынбасары сондай-ақ 2025 жылдың қарашасында Шымкентте жылдық инфляция деңгейі 11,8 пайызды құрағанын, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 12,4 пайыз төмен екенін баса айтты. Өңірлер арасында мегаполис 17-орында және салыстырмалы түрде төмен инфляциялық аймақтардың бірі болып саналады.
"Қазан айымен салыстырғанда айлық инфляция 0,1 пайызды құрады, бұл азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтер бағасының тұрақталғанын растады. Қала әкімдігі қоғам үшін маңызды салалардағы ашықтық пен баға тәртібіне ерекше назар аудара отырып, бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады", - деді А.Кәрімов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада қала әкімдігі 100-ден астам кәсіпкерлік субъектілерімен меморандумға қол қойған болатын.
Келісімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға және инфляцияны тежеуге бағытталған.
Бұл қадам шымкенттіктердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік әл-ауқатын нығайту мақсатындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі