Өңір экономикасы үшін жаңа мүмкіндік: Алматы облысында Еуразиялық индустриалды-логистикалық парк ашылды
04.12.2025 09:10:36 146
Алматы облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында және Құлжа тасжолына жақын орналасқан жаңа Еуразиялық индустриалды-логистикалық парк ашылды. Нысан өңірдің «Шығыс қақпасы» инфрақұрылымдық аймағына кіріп, Алматы мен облыстың кеңістіктік дамуындағы маңызды логистикалық хабқа айналмақ.
Ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, сондай-ақ логистика және девелопмент саласының жетекші компаниялары қатысты.
Жалпы инвестиция көлемі – 22 млрд теңге. Бірінші кезеңде 50,3 мың шаршы метр болатын «А» санатындағы заманауи екі қойма корпусы іске қосылды.
12 метрлік төбе биіктігі, шаршы метріне 8 тонна жүк көтеретін еден және өрт қауіпсіздігінің халықаралық стандарты кешенді жоғары класты қоймаға айналдырады.
Парк толық қуатына 2026 жылы шықпақ. Сол кезде 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Алматы қаласына, БАКАД-қа, халықаралық әуежайға және ірі автожолдарға жақын орналасуы паркті Орталық Азиядағы ірі дистрибуция орталығы ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев:
«Бүгін ашылып отырған логистикалық парк – елдің транзиттік мүмкіндігін арттыруға, халықаралық сауда ағымдарын тиімді басқаруға және өңірлік ықпалдастықты тереңдетуге бағытталған маңызды жоба. “А” санатындағы жаңа нысандардың іске қосылуы – облыс экономикасының тұрақты дамуы мен инвесторлардың сенімінің нақты көрінісі, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігінің нәтижесі»- деп жобаның маңызды тұстарын атап өтті.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанова:
«Бұл парк Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріне интеграциялануын күшейтеді. Мұндай ауқымды инфрақұрылым отандық бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің Еуразиядағы сауда хабы ретіндегі орнын бекіте түседі»-деді.
«Еуразиялық логистикалық парктің» атқарушы директоры Роман Жужлев:
«14 гектар аумақта 50 мың шаршы метрлік ‘А’ санатындағы қойма салынды. Төбе биіктігі – 12 метр, еденнің жүк көтерімділігі – шаршы метріне 8 тонна. Бұл кез келген стеллажды немесе көпдеңгейлі сақтау жүйесін орнатуға мүмкіндік береді»-деп бастаманың техникалық параметрлерін көпшілік назарына ұсынды.
Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков жобаның аудан дамуына оң әсер ететінін айтты.
«Алматы – ірі мегаполис, ал біздің аудан – оның маңызды азық-түлік белдеуі. Мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы аудан экономикасын күшейтіп, тұрақты донорлық база қалыптастыруға жақындатады».
Электрондық сауда қарқыны қойма инфрақұрылымына деген сұранысты еселеп арттырып отыр.
2024 жылы e-commerce үлесі бөлшек сауданың 14,5% жеткен — бұл 2021 жылмен салыстырғанда алты есе өсім.
Ozon Қазақстан компаниясының басшысы Алексей Сапон онлайн-сауда тиімділігінің заманауи қоймаларға тікелей байланысты екенін айтса, DNS компаниясының логистика жөніндегі федералдық басшысы Владимир Любимов жергілікті хабтар желісі тапсырыстарды жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартатынын мәлімдеді.
Инвесторлар парк аумағын Құлжа бағыты арқылы кеңейтуді көздеп отыр. Жоспарда 300 мың шаршы метрге дейін қосымша қоймалық алаң салу және көрші елдердің нарығына шығу қарастырылған. Sudakov Group бас директоры Алексей Судаков айтуынша, функционалды қойма нысандарына сұраныс тұрақты түрде артуда.
Салтанатты шара барысында NOYTECH және «Еуразиялық логистикалық парк» арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. NOYTECH-тің Қазақстандағы директоры Валерия Кошелева жаңа нысан жоғары технологиялық сервистерді дамыту мен қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік ашатынын жеткізді.
Еуразиялық индустриалды-логистикалық парк – қойма кешені ғана емес, Қазақстанның Еуразиядағы маңызды логистикалық хаб ретінде қалыптасуына негіз қалайтын халықаралық деңгейдегі инфрақұрылымдық жоба. Ол мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестердің мүдделерін тоғыстырып, тұрақты өсімге, инвестиция тартуға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағыт береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1118531?lang=kk