Қазақстан Елшісінің Мажарстан Премьер-министрі Канцеляриясының Ұлттық саясат мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысымен кездесуі туралы
10.12.2025 08:00:59 157
Будапешт, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Премьер-министрі Канцеляриясының Ұлттық саясат мәселелері жөніндегі мемлекеттік хатшысы, Мемлекеттік Жиналыс (Парламент) депутаты мырза Лөринц Начамен кездесті.
Кездесу барысында Елші 2025 жылғы 2 желтоқсанда Будапештте өткен Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) министрлері мен диаспоралық институт басшыларының 7-отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін венгр тарапына алғыс білдірді.
Абзал Сапарбекұлы Мажарстандағы шағын қазақ диаспорасының белсенді қызметі туралы, соның ішінде мәдени іс-шаралар өткізуі және қазақ тілі курстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, оны әрі қарай қолдау бағыттарын мажар тараппен талқылады.
Өз кезегінде Лөринц Нача көршілес елдерде және алыс шетелдерде тұратын этникалық мажарлардың этномәдени бірегейлігін сақтау мен күшейтуге бағытталған мемлекеттік шаралар туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар гуманитарлық және мәдениетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге деген берік ұстанымдарын растады және шетелдегі этникалық қауымдарды қолдау, сондай-ақ осы саладағы мемлекетаралық ынтымақтастық тетіктерін дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1122401?lang=kk