Астанада ұландық сарбаздар ант қабылдады
02.02.2026 16:25:32 223Елордадағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде 170–ке жуық сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Шараға сарбаздардың ата-аналары мен ардагерлер қатысып, жас жауынгерлерге ақ жол тіледі.
Ант қабылдау рәсімінде әскери бөлім командирі полковник Ерлан Буранбаев сөз сөйлеп, жауынгерлерге жүктелетін жауапкершіліктің мәнін атап өтті. Сондай-ақ ардагерлер мен ата-аналар да құттықтау лебізін білдіріп,
Отанға адал қызмет етудің абыройлы міндет екенін жеткізді.
- Әскери қызмет – әр азамат үшін абырой. Сондықтан осы бір жылды бос өткізбеулеріңіз керек. Әр күнді өздеріңізді тәрбиелеуге, шыңдауға арнаңыздар. Бір-біріңізге сүйеніш болыңыздар. Өйткені саптағы бірлік – жеңістің кілті. Отан сенімін ақтаңыздар! Туымызды биік ұстаңыздар! Қазақстанның тыныштығы мен айбыны үшін қызмет етіңіздер!, - деді Ерлан Буранбаев.
Іс-шара барысында аға буын сарбаздар өз тәжірибелерін ортаға салып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілім жасады. Бұл көрініс жас жауынгерлер үшін тек әсерлі қойылым емес, алдағы қызметтің алғашқы «сабақтарының» бірі болды.
Енді олар алдағы бір жыл бойы Астана қаласында Отан алдындағы борышын өтеп, белгіленген қызметтік міндеттерін атқарады.
Айта кетейік, биыл 6636 әскери бөліміне еліміздің Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан 170-ке жуық сарбаз шақырылған.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1152873?lang=kk