REPA Conveyor Equipment компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын іске асыру мәселелері Алкмар қаласында талқыланды
02.02.2026 16:25:43 195
2026 жылғы 30 қаңтар, Алкмар қ. — Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі Ақан Рахметуллин мен нидерландтық REPA Conveyor Equipment компаниясының басшысы Ричард ван дер Лаанның кездесуі өтті. Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы жаңа инвестициялық бастамаларын іске асыру перспективалары талқыланды.
Кездесу аясында REPA Conveyor Equipment басшылығы Қазақстан Республикасында конвейерлік роликтер өндірісін іске қосуға бағытталған инвестициялық жобаның ағымдағы жағдайы туралы ақпарат берді. Аталған жоба компанияның жоғары технологиялы өндірістік қуаттарын жергіліктендірудің алғашқы кезеңі ретінде қарастырылып, тау-кен, металлургия және логистика салаларындағы өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға бағытталған.
Қазақстан нарығының жоғары әлеуетін атап өткен компания өкілдері елдің стратегиялық географиялық орналасуын, дамыған өнеркәсіптік базасын, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты ерекше атап өтті. REPA Conveyor Equipment басшылығының бағалауынша, Қазақстан тек перспективалы өткізу нарығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен Еуразия өңіріне өнім экспорттауға арналған өңірлік өндірістік хаб ретінде де қарастырылады.
Қолайлы инвестициялық ахуалды ескере отырып, компания елдегі өз қатысуын одан әрі кеңейту мүмкіндігін де қарастыруда. Алдағы уақытта конвейерлік роликтер өндірісімен қатар конвейерлік барабандар мен конвейерлік таспалар шығару желілерін іске қосу, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға сервистік және инженерлік қолдау көрсету жоспарлануда.
Елші Ақан Рахметуллин Қазақстанның жоғары технологиялы өндірістерді тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және озық өнеркәсіптік технологиялар трансферіне мүдделі екенін атап өтіп, нидерландтық компаниялардың инвестициялық жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіптік кооперация, өндірісті жергіліктендіру және технологиялық әріптестік мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және диалогты жалғастыруға өзара мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1152856?lang=kk