Ақмола облысының туризм басқармасы өңір тұрғындары мен қонақтарына шетелдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлайды

Ақмола облысының туризм басқармасы өңір тұрғындары мен қонақтарына шетелдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлайды

02.02.2026 18:08:16 193

Азия елдеріндегі Нипах вирусына қатысты эпидемиологиялық жағдай халықаралық қызметтердің бақылауында. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарының мәліметтері бойынша, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдерінде Нипах вирусын жұқтырудың жекелеген жағдайлары мезгіл-мезгіл тіркеліп отырады. Аталған инфекция бұған дейін Малайзияда, Бангладеште, Үндістанда, Филиппинде және өңірдің басқа да елдерінде анықталған.

 

2026 жылдың қаңтар айында Үндістанда аурудың жекелеген жағдайлары тіркелді. Жергілікті денсаулық сақтау органдары эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуде, жағдай бақылауда.

 

Нипах вирусы зооноздық инфекцияларға жатады. Ол адамға жануарлардан (негізінен жемісқоректі жарқанаттардан), ластанған азық-түлік пен сусындар арқылы, сондай-ақ жұқтырған адаммен тығыз байланыс кезінде берілуі мүмкін. Инкубациялық кезең орта есеппен 4-тен 14 күнге дейін созылады.

 

Аурудың алғашқы белгілері тұмау немесе суық тиюге ұқсас болуы мүмкін: дене қызуының көтерілуі, бас және бұлшықет ауруы, әлсіздік, тамақ ауруы, құсу. Кейбір жағдайларда неврологиялық белгілер (ұйқышылдық, бас айналу, есінің бұзылуы) байқалуы мүмкін.

 

Қазіргі уақытта Нипах вирусына қарсы арнайы вакцина немесе тіркелген дәрілік препараттар жоқ. Алдын алу шаралары санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау және инфекция көздерімен байланысты шектеуге негізделген.

 

Туристерге арналған ұсынымдар

 

Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сапар жоспарлау кезінде:

– жеке гигиенаны сақтау;

– тек мұқият өңделген тағамдарды тұтыну;

– жабайы жануарлармен байланыстан аулақ болу;

– шығу тегі белгісіз жемістер мен шырындарды пайдаланбау;

– сырқаттанған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.

 

Өңірдегі жағдай

 

Қазақстан Республикасы мен Ақмола облысының аумағында ауру жағдайлары тіркелген жоқ. Өңірдің туристік инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеуде. Туризм басқармасы халықаралық эпидемиологиялық ахуалды бақылауды жалғастырып, қажет болған жағдайда халықты жедел хабардар ететін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-tourism/press/news/details/1153057?lang=kk