«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

05.02.2026 21:52:24 201

Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі іс-шаралар жалғасуда. Аталған бағдарлама шеңберінде бүгін Шымкент қаласындағы барлық білім беру ұйымдарында, жастар арасында және қала аумағында ауқымды тазалық және ағартушылық шаралары ұйымдастырылды.

Мектептегі экологиялық тәрбие

Шымкент қаласындағы №137 мектепте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында мазмұнды іс-шара өтті. Бастауыш және 5–9 сынып оқушылары пікірсайыс форматында табиғатты қорғау, қағазды қайта өңдеу, химиялық заттардың пайдасы мен зияны туралы ой бөлісті.

Мектеп директоры Эльмира Қантаеваның айтуынша, оқу орнында экологиялық тәрбие беру жүйелі түрде жүргізіледі. Тәрбие сағаттары, ашық сабақтар мен тақырыптық кездесулер тұрақты ұйымдастырылып, оқушылар сурет салу, көрмелер өткізу арқылы табиғатқа деген сүйіспеншілігін шығармашылықпен жеткізеді.

Сонымен қатар мектепте домбыра, шахмат, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істеп, жүзден астам оқушыны біртұтас тәрбие процесіне тартып отыр. Игі дәстүрлердің бірі – «Түлектер аллеясына» ағаш отырғызу бастамасы. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер мектеп ауласын көгалдандыруға үлес қосады. Әр сенбі сайын «Тазалық күні» өткізіліп, оқушылар мектеп аумағы мен іргелес жатқан каналдарды қоқыстан тазартады.

Жоғары сынып оқушылары үшін «Таза Қазақстан» және «Таза химия» бағыттары бойынша дебаттар ұйымдастырылып, химиялық заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсері талқыланды. Макулатурадан пайдалы бұйымдар жасау арқылы қалдықтарды қайта өңдеудің маңызы түсіндірілді. Бұл жұмыстарға мектеп парламенті де белсенді түрде атсалысып келеді.

Колледждегі тәжірибелік экосабақ

«Мирас» колледжінде «Қоқысты сұрыптау – таза болашақ кепілі» атты экологиялық іс-шара өтті. Эко-сабақты колледждің «Экология және еңбек» студенттік фракциясының министрі, 1-курс студенті Еркебұлан Әшірәлиев жүргізді. Іс-шараға колледждің барлық 1-курс студенттері қатысты.

Шара барысында қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, бейберекет тасталған қалдықтардың табиғат пен жан-жануарларға тигізер зияны кеңінен түсіндірілді. Рөлдік ойындар мен тәжірибелік тапсырмалар арқылы студенттер пластик, қағаз, металл, шыны және органикалық қалдықтарды дұрыс бөлу жолдарын іс жүзінде меңгерді.

Колледж директоры Нұргүл Әбуованың айтуынша, дамыған елдерде қоқысты қайта өңдеу экологияны сақтаудың негізгі тетігіне айналған. Оқу орнында әр сәрсенбі сайын санитарлық күн өткізіліп, студенттер тазалық жұмыстарына белсенді қатысады.

Жастардың экологиялық бастамалары

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында кезекті тазалық акциясы ұйымдастырылды. Жастар ресурстық орталығының алдында 200-ге жуық жас жиналып, тазалық пен экологиялық жауапкершілікті насихаттайтын флешмоб өткізді. Шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен ерікті жастар қатысты.

Флешмоб барысында тазалықтың бір реттік акция емес, өмір салтына айналуы керектігі айтылды. Бұл бастама жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталды.

Ақтас елді мекеніндегі тазалық жұмыстары

Тазалық күні аясында қала жастары Тұран ауданына қарасты Ақтас елді мекенінде ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді. 200-ге жуық ерікті жас қыр-сай мен ашық аумақтарды қоқыстан тазартып, аудан әкімдігі тарапынан қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұманның айтуынша, «Таза Қазақстан» – тек тазалық акциясы ғана емес, жастарды біріктіретін, экологиялық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды жоба.

Өткізілген іс-шаралар жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін арттырып, тазалықты күнделікті дағдыға айналдыруға бағытталған. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жүйелі жұмыстар Шымкент қаласының тазалығын сақтаумен қатар, қоғамда экологиялық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етуде.