«Жырлары жүректе мәңгі өшпес Мұқағали» атты поэзиялық кеш өтті

«Жырлары жүректе мәңгі өшпес Мұқағали» атты поэзиялық кеш өтті

06.02.2026 12:46:44 115

Кешкі кітапхана жобасы аясында қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Жырлары жүректе мәңгі өшпес Мұқағали» атты тағылымды поэзиялық кеш өтті.

Іс-шара барысында оқырмандарға Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылып, ақынның қазақ әдебиетіндегі айрықша орны туралы мазмұнды әңгімелер өрбіді.

Кеш аясында сөз құдіретін жүрекпен сезініп, ақын рухын жалғайтын жас өрендер сахна төріне шығып, Мұқағалидың лирикалық өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Ән мен жыр үндестігі» бөлімінде ақын сөзіне жазылған жүрекке жақын, елге кеңінен танымал әндер шырқалды. Атап айтқанда, Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның талантты әншілері Ақбота Сабыржанова «Айтатын саған сырым бұл», Гүлсім Малисова «Мен деп ойла» әндерін орындап, поэзия мен әуеннің үйлесімін айқын көрсетті.

Сонымен қатар, «Ақынға тағзым» айдары аясында қаламгерлер мен өнер жанашырлары – Жұматай Оспанұлы, Жангелді Немеребай, Азамат Нұрмұқан, Айдынбек Аршын, Ербол Оразбеков, Салтанат Құмарбек, Өмірбай Бейбарыс-Сұлтан, Мұхтар Күмісбек, Зирагүл Нұрданбек ақынға арналған жүрекжарды арнауларын ұсынып, Мұқағали рухына деген құрметтерін білдірді.

Кеш барысында көрермен назарына «Өлеңмен өрілген өмір» атты сахналық композиция ұсынылып, ақынның тағдыры мен шығармашылық болмысы көркем түрде бейнеленді. Сондай-ақ, ақынның жүрек түкпірінен орын алған, халыққа етене жақын ерекше туындысы – «Есіңе мені алғайсың» әнін Қ. Байсейтов атындағы саз колледжінің студенті Құштар Бауыржанұлы тебірене орындап, тыңдарманды терең ойға жетеледі.

Кеш соңында Дәнеш Рақышев атындағы филармония әншісі Жомарт Тәкебаевтың орындауындағы «Отан» әні шырқалып, поэзиялық кештің мазмұнын асқақ рухпен түйіндеді.

Жетісу жастары орталығымен бірлесіп, «Кешкі кітапхана» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл жүздесу оқырмандардың поэзия мен өнер тоғысқан бұл тағылымды жиын көрерменге ерекше рухани әсер сыйлап, Мұқағали Мақатаевтың өшпес мұрасына деген құрметті тағы бір мәрте айқындай түсті.

 

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1156344?lang=kk