Қазақстандық экспортты Мажарстан нарығында ілгерілетудің ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды

Қазақстандық экспортты Мажарстан нарығында ілгерілетудің ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды

06.02.2026 19:02:34 175

Будапешт, 2026 жылғы 2 ақпан – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Сапарбекұлының Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің Экспортты дамыту департаментінің директоры Н.Олах ханыммен кездесуі барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ отандық өнімнің өзара экспортын кеңейту мәселелері талқыланды.

Қазақ тарапы мажар әріптестерді елдің экспорттық әлеуетімен жан-жақты таныстырып, мажарстандық компаниялардың қатысуымен қазақстандық өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша табысты іске асырылып жатқан нақты жобалардың мысалдарын ұсынды. Кездесу барысында тараптар Мажарстанның Қазақстан экспортының Еуропалық одақ нарықтарына ілгерілеуі үшін «қақпа» («gateway») рөлін атқаруға айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мажар тарапы екі ел компаниялары арасында іскерлік кездесулер өткізу және тікелей байланыстар орнату үшін платформа ұсынуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ өзара экспортты одан әрі кеңейту мақсатында Мажарстанның Экспортты ілгерілету агенттігі – «HEPA» мен экспортты дамыту жөніндегі ұлттық оператор «QazTrade» арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар өзара экспортты ілгерілету жөніндегі арнайы Жұмыс тобын құру, сондай-ақ Қазақстан мен Мажарстанның өндіруші компаниялары арасындағы сауда ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.

Қазақстан экономиканы әртараптандыруға, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімді қоса алғанда, шикізаттық емес экспортты кеңейтуге бағытталған саясатты дәйекті түрде іске асырып келеді. Осыған байланысты шағын және орта бизнесті дамытуға, инновацияларды енгізуге, өндірістік үдерістерді цифрландыруға және отандық компаниялардың экспорттық бағдарлануын арттыруға басымдық берілуде. Қаржылық, институционалдық және дипломатиялық құралдарды қамтитын экспортты мемлекеттік қолдау шаралары қазақстандық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуы үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруда.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1156886?lang=kk