Жаңа Конституция және білім сапасы: Шымкентте кездесу өтті

Жаңа Конституция және білім сапасы: Шымкентте кездесу өтті

23.02.2026 19:22:52 197

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын түсіндіру бойынша түрлі саладағы еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда. Жұмыс тобының педагогикалық қауымдастық өкілдерімен кезекті кездесуі Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектепте өтті. Жиында білім сапасын арттыру, бірыңғай білім беру стандарттарын енгізу және ғылымды мемлекеттік қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
2024 жылдың басында ашылған аталған білім беру ұйымы бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін тиімді іске асырудың үлгісіне айналып отыр. Мектеп құрылтайшысы, қалалық мәслихаттың VII және VIII шақырылым депутаты Лазиз Сүлайманов жеке білім беру секторы ең алдымен сапаға басымдық беруі тиіс екенін атап өтті.
– 2500 оқушыға арналған мектепте сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Оқу үдерісі бір ауысымда жүргізіледі, екі мезгіл тегін тамақ ұйымдастырылған, 50-ден астам үйірме жұмыс істейді. Кадр саясатына ерекше назар аударылады: педагогтар қатаң комиссиялық іріктеуден өтеді. Ата-аналар қауымдастығымен тығыз байланыс тиімді тәрбиелік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ұстанымдар жаңа Ата заңда айқындалған басымдықтармен үндеседі, – деді Л.Сүлайманов.
Қалалық мәслихат төрағасы және Конституциялық комиссия мүшесі Бахадыр Нарымбетов білім беру саласындағы жүйелі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қала мектептерінің 46 пайызы және балабақшалардың 90 пайызға жуығы жекеменшік секторға тиесілі.
– Жаңа Конституция меншік нысанына қарамастан, еліміздің барлық білім беру ұйымдары үшін бірыңғай оқыту стандартын енгізуді көздейді. Бұл мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы сапа алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді, – деді Б.Нарымбетов.
Сондай-ақ жаңа Конституцияның 33-бабына енгізілген толықтыруларға назар аударылды. Аталған нормаға сәйкес, ғылымды, инновацияларды және білім беруді дамыту мемлекет қызметінің басым бағыттарының біріне айналады.
– Қазақстанның басты күші – жоғары интеллектуалды адами капитал. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде ғылымды конституциялық деңгейде бекіту инновациялық жобаларды жүйелі қолдауға және нысаналы қаржыландыруға жол ашады, – деп атап өтті мәслихат төрағасы.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жаңа білім стандарттарын енгізу және ғылыми әлеуетті дамыту еліміздің ішкі тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, Қазақстанның халықаралық интеллектуалдық кеңістіктегі беделін арттыруға ықпал ететіні жөнінде ортақ пікір білдіріп, жаңа құжатты қолдайтындықтарын жеткізді.