Қазақстанның Елшісі Мажарстан Парламентінің депутатымен референдум қарсаңында кездесу өткізді
13.03.2026 15:41:17 229
Будапешт, 2026 жылғы 10 наурыз – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Мемлекеттік жиналысының (Парламент) депутаты Шандор Ковачпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақ-мажар стратегиялық серіктестігі аясындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, парламентаралық және өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Елші сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы әзірленгенін және оған қатысты түпкілікті шешім ағымдағы жылдың 15 наурызында өтетін жалпыұлттық референдумда қабылданатынын атап өтті. Заң жобасында мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған көптеген маңызды тұстары туралы баяндады.
Өз кезегінде Шандор Ковач Мажарстандағы 12 сәуір күні өтетін парламенттік сайлауларға қатысты пікірін білдіріп, елдегі қазіргі саяси жағдай жөніндегі өз бағасымен бөлісті.
Сонымен қатар, әңгімелесу барысында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, Мажарстанның Карцаг қаласы мен Қазақстан арасындағы байланыстарды нығайту мүмкіндіктері қарастырылды. Осы тұрғыда қазақстандық тарап Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Карцаг қаласынан келетін студенттерге білім алу үшін стипендия ұсыну бастамасын жеткізді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған байланыстарды жалғастыруға өзара дайын екендіктерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1180493?lang=kk