Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кешкі кітапхана» жобасы аясында «Армысың, Әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті

Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кешкі кітапхана» жобасы аясында «Армысың, Әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті

30.03.2026 18:31:30 140

30 наурыз күні Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кешкі кітапхана» жобасы аясында «Армысың, Әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті. Мәдени шараға Жетісу университеті, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі және Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектеп-интернат-колледжінің студенттері белсене қатысып, ұлттық рух пен салт-дәстүрдің мәнін тереңінен сезінуге мүмкіндік алды.

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіру, оларды отансүйгіштікке, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу болды. Сонымен қатар, кітапхана оқырмандарын рухани-мәдени ортаға тартып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.

Мерекелік кеш барысында Наурыз мейрамының мәні мен маңызы кеңінен насихатталып, қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлері таныстырылды. Қатысушыларға ұлттық тағамдар, әдет-ғұрыптар мен ырым-тыйымдар туралы сұрақтар қойылып, мағлұматтар берілді. Әсіресе, Наурыз мейрамының жаңару мен жасампаздықтың, татулық пен бірліктің символы екені ерекше атап өтілді.

Шараның көркін қыздырған ұлттық ойындар болды. Студенттер «Арқан тарту», «Асық ату», «Қол күрес» секілді ойындарға қатысып, өзара бақ сынасты. Бұл ойындар жастардың ептілік, күш, шапшаңдық қасиеттерін дамытуға ықпал етіп қана қоймай, олардың ұлттық ойындарға деген қызығушылығын арттырды.

Кеш барысында би биленіп, ән айтылды. Қатысушылар ұлттық киім киіп, мерекенің мазмұнын байыта түсті. Кітапхана қызметкерлері тарапынан ұйымдастырылған кітап көрмесі де көпшілік назарын аударып, онда қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты әдебиеттер ұсынылды.

Шара соңында мерекелік кештің шырайын аша түскен салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау барысында ерекше белсенділік танытып, өз өнері мен білімін жоғары деңгейде көрсеткен жеңімпаз топ арнайы дипломмен және сыйлықтармен марапатталды. Ал жарысқа қатысып, белсенділік танытқан өзге топтар да назардан тыс қалмай, оларға алғыс хаттар табысталды.

Сонымен қатар, кештің мазмұнын байыта түскен қатысушылар арасында «Ең тапқыр оқырман» және «Ең әдемі ұлттық киім» номинациялары бойынша арнайы марапаттар берілді.

 «Армысың, Әз-Наурыз!» атты мерекелік кеш – ұлттық рухты көтеріп, жастардың санасына рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған тағылымды шара болды. Осындай мәдени басқосулар арқылы ұлттың өткені мен бүгіні сабақтасып, болашақ ұрпақтың бойында елжандылық пен мәдени мұраға деген құрмет қалыптасатыны сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-archive/press/news/details/1190073?lang=kk