Будапештте Наурыз мерекесі аталып өтті
31.03.2026 15:25:25 261Будапешт, 2026 жылғы 20 наурыз – Мажарстан астанасында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігінің, Қазақстан–Мажарстан «Барс» қорының және қазақ студенттерінің «Құрылтай» бірлестігінің қолдауымен Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді. Іс-шараға Мажарстанда тұратын Қазақстан азаматтары мен қазақ студенттер қатысты.
Биылғы мереке «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, ерекше мазмұн мен заманауи сипатқа ие болды.
Салтанатты жиында Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрлері мен ұлттық болмысының айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай іс-шаралардың мәдени мұраны дәріптеп, бірлікті нығайтудағы маңызы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар Елші Қазақстанда жақында өткен референдумның маңыздылығын атап өтіп, оның нәтижесінде еліміздің Конституциясы қабылданғанын және бұл қадам еліміздің демократиялық дамуын нығайтуға бағытталғанын айтты.
Мажар-қазақ «Барс» қорының президенті Андраш Гал жиналған қауымды мерекемен құттықтап, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған жобалар туралы айтты.
Мереке аясында мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды. Қонақтар Наурыздың тарихы мен дәстүрлерімен танысып, ұлттық ойындар мен байқауларға қатысып, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Кештің көркін қазақстандық студенттердің өнері аша түсті. Олар домбырамен күй орындап, халық әндерін шырқап, ұлттық билерді ұсынды. Концерттік бағдарламада: Богларка Фехер – қазақ әндері мен авторлық шығармалар (қазақтың халық аспаптары мен мажар даңғырасында); Жанахмет Рахат – «Széchenyi István Egyetem» университетінің студенті домбыра; Айбар Нұртайұлы, Мажар аграр-тіршіліктану университетінің докторантура студенті (домбыра); Тамаш Палчо әнші, композитор – ән; Кенесова, 2 курс, Бизнес пен IT саласында студенті – қазақ биі; мажар халық биі Пойока Шара мен Кепиро Донат орындауында «MATE» университетінің студенттері және «Forduló» халық би ансамблінің бишілері; бишілер дуэті – Жансая Өтепбергенова, Обуда университетінің студенті, Нұрайым Канаева, Будапешт бизнес университетінің студенті мен Айдана Жаңабай, Корвинус университетінің студенті қазақ биін көрсетті. Сонымен қатар «Қыз қуу» сахналық көрінісі мен «Қыз ұзату» дәстүрінің элементтері ұсынылды.
Дәстүр бойынша қонақтарға ұлттық дастархан жайылды. Қатысушыларға наурыз көже, палау, мажар гуляшы, бауырсақ және дәстүрлі тағамдар ұсынылды.
Жалпы іс-шараға 200-ден астам қонақ қатысты. Будапешттегі Наурыз мерекесі шетелдегі қазақ диаспорасын біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мәдени байланыстарды нығайтудың жарқын үлгісіне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1190624?lang=kk