Түркияда білім алып жатқан белсенді қазақстандық студенттер зияткерлік додада бас қосты
02.04.2026 13:15:15 201
Анкара, 2026 жылғы 1 сәуір – Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер арасында ұйымдастырылған «Birlik Cup» атты ауқымды студенттік дебат турнирі жоғары деңгейде өтті. Зияткерлік сайыс Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Ыстанбұл, Анталья және Измир қалаларындағы Бас консулдықтардың үйлестіруімен жүзеге асырылды.
Аталған бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, сондай-ақ белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағыттарымен толық үндеседі. Турнир қазіргі заман талабына сай ойлай алатын, бәсекеге қабілетті жастар буынын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Дебат турнирінің басты мақсаты – студенттердің сыни ойлау қабілетін жетілдіру, шешендік өнерін дамыту және пікірталас мәдениетін қалыптастырумен қатар, жастар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту болды. Қатысушылар өзекті қоғамдық және халықаралық тақырыптар аясында ой жарыстырып, жоғары деңгейдегі пікірталас мәдениетін көрсетті.
Зияткерлік додаға жалпы саны 12 фракция қатысып, үздіктер қатарына Ыстанбұл, Анкара, Карабюк және Ескішехир қалаларында білім алып жатқан қазақстандық студенттер кірді.
«Birlik Cup» турнирі Түркиядағы қазақстандық студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың көшбасшылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ шетелдегі отандастар арасында бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан маңызды алаң ретінде өз орнын айқындады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ankara/press/news/details/1192472?lang=kk