Қазақстан мен Черногория: өзара тиімді серіктестікті нығайтудың жаңа кезеңі
02.04.2026 19:58:35 261
Подгорица, 2026 жылғы 1 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен Черногория Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Периша Кастратовичтің төрағалығымен қазақстан-черногория саяси консультациялардың 2-ші раунды өткізілді.
Іс-шара аясында қазақ дипломаты Черногория Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Эрвин Ибрагимовичпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Астана мен Подгорица арасындағы достық қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың перспективаларына, сондай-ақ халықаралық аренадағы күш-жігерді үйлестіруге айрықша назар аударылды.
П. Кастратовичпен екіжақты күн тәртібін талқылау аясында саяси серіктестікті кеңейту мәселелері, оның ішінде жоғарғы деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру басты назарда болды. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру және әртараптандыру бойынша елеулі әлеуеттің бар екеніне тоқталды. Туризм, көлік және логистика, денсаулық сақтау және цифрлық технологиялар негізгі перспективалы бағыттар ретінде айқындалды.
Кездесу барысында А. Исетов: «Қазақстан Черногориямен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді және барлық басым бағыттарда екіжақты байланыстарды белсенді түрде кеңейтуге ниетті», – екенін атап өтті.
Өз кезегінде П. Кастратович Қазақстанды референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, елдің одан әрі дамуына сенім білдірді. Сонымен қатар, черногор тарапы барлық бағыттарды қамтитын көпқырлы серіктестікті тереңдетуге дайындығын растады.
Делегация басшылары өңірлік және халықаралық маңызды мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясында көпжақты диалогты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.
Консультациялардың қорытындысы бойынша екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге және екі елдің сыртқы істер ведомстволары арасында Ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1192926?lang=kk