Қазақстандық «SUECO» компаниясы Сауд Арабиясы нарығындағы болуын кеңейтуде
02.04.2026 20:31:43 334
Жидда, 2026 жылғы 2 сәуір – Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Жидданың индустриялық-өнеркәсіптік аймағына барып, сапар барысында қазақстандық «SUECO» ЖШС-нің қызметімен танысты, сондай-ақ аталған компанияның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі филиалының басшысы Данияр Сейполдинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар компанияның Корольдік аумағындағы қызметін дамыту перспективаларын, сондай-ақ инженерлік және экологиялық шешімдер саласында қазақстандық қатысуды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ағынды суларды тазарту және су дайындау саласына заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар орнықты даму және су ресурстарын ұтымды пайдалану жағдайында айрықша маңызға ие.
Д. Сейполдин ағынды суларды тазарту және су дайындау саласында кешенді шешімдер ұсынатын отандық инжинирингтік-өндірістік компания болып табылатын «SUECO» ЖШС-нің қызметі туралы хабардар етті. Компания қызметтің толық циклін жүзеге асырады — тұжырымдаманы әзірлеу мен жобалаудан бастап, жабдықты өндіру және жеткізу, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, персоналды оқыту және кейінгі сервистік қызмет көрсетуді қамтиды.
Компания басшысы қазіргі уақытта Miahona ірі саудиялық компаниясымен Қазақстан Республикасы аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сапар аясында кәсіпорынның өндірістік қуаттары мен нысандары, сондай-ақ қолданылатын инновациялық технологиялар таныстырылды.
Өз кезегінде, Бас консул қазақстандық компаниялардың экологиялық технологиялар саласындағы елеулі әлеуетін атап өтіп, Сауд Арабиясы нарығында отандық әзірлемелерді ілгерілетудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазақстандық дипломат екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Анықтама ретінде: «SUECO» ЖШС – су тазарту және ілеспе технологияларды енгізу саласында жұмыс істейтін қазақстандық компания. 2024 жылы Сауд Арабиясы Корольдігі нарығында табысты жұмыс істеуді бастады. Қазіргі уақытта Жидда қаласында құны 20 млн АҚШ долларынан асатын жобаның операторы болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jeddah/press/news/details/1192941?lang=kk