«Швед үстелі» және әскери инфрақұрылымды жаңғырту: батыс өңірдегі әскери нысандарды тексеру қорытындылары
10.04.2026 17:24:24 262
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің батыс өңірдегі гарнизондарға жасаған жұмыс сапарында әскери қызметшілердің тамақтануын «швед үстелі» қағидаты бойынша ұйымдастыру және әскери инфрақұрылымды жаңғырту негізгі басым бағыттардың бірі болды.
Генерал-майор Алмаз Жұмакеев Ақтөбе облысында өңір басшысы Асхат Шахаровпен Жем қаласының инфрақұрылымын дамыту және Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты жатақханаларын жөндеу мәселелерін талқылады. Жем қаласында министрдің орынбасары әкімдіктің қолдауымен жөнделіп жатқан тұрғын үйлер, амбулатория, мектеп және балабақша секілді әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Әскери госпитальдің медициналық техникамен жабдықталуы және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тексерілді.
20709 әскери бөлімі нысандарын инженерлік желілерге қосу туралы қолбасшылыққа нақты тапсырмалар берілді.
Ақтау гарнизонында 29011 әскери бөліміндегі «швед үстелі» қағидаты бойынша тамақтандырудың пилоттық жобасына ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілерге тағамды өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін жаңа жүйе азық-түлікпен қамтамасыз етуді жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады.
Сондай-ақ әскери-теңіз базасы, теңіз жаяу әскері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, авиация және арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері тексеріліп, қызмет ету жағдайлары мен инфрақұрылымның жай-күйі бағаланды. «Орал» кемесі мен «Қайсар» катерінде министрдің орынбасары қызметтің ұйымдастырылуымен танысты.
Атырау гарнизонында аумақтық қорғаныс бригадасының нысандары, қоймалар және «Қаработан» полигоны, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері тексерілді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында өткен кеңесте әскери инфрақұрылымды одан әрі дамыту, материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейін арттыру және әскери қызметшілердің қызметі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту сынды басым міндеттер айқындалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1198573?lang=kk